САЯСИ САНКЦИЯЛАР

lat: Saıası SanksıaLAR

адамдардың әлеуметтік-саяси өзара қарым-қатынасы үрдісінің элементі; ережелер мен құндылықтардан ауытқушы адамның мінез-құлқына қоғамның, топтың, ұйымның реакциясы. Санкциялар саяси әлеуметтендірудің бір тетігі: бір әрекеттерге құрмет көрсету және басқалары үшін жазалау. Санкция жеке тұлға қалыптастырады. Санкция саяси бақылау құралы ретінде жеке индивидтерді саяси өмірге қатысуға итермелейді. Санкция ықпал етуіне байланысты: физикалық санкция (нәубеттер), экономикалық және символикалық деп жіктеледі. Саясатта санкцияның символикалық түрі кеңінен таралған (құрметтеу белгілері, сыйлау немесе керісінше, сыйламау, мойындамау). Санкцияның кең тараған түрлері негативті, теріс, қажет емес мінез-құлықты тоқтату және позитивті, оң жағымды мінез-құлықты тудыру. Егер санкция алдын ала дайындалған, бекітілген процедураларға сәйкес жасалса, онда мұндай санкциялар формальды деп танылады. Негативті, теріс (қамауға алыну, айыппұл төлеу, сөгіс жариялау) және позитивті, оң (сатылы баспалдақпен өсу, сыйлықтар, орден) формальды санкциялар арнайы өкілдігі бар адамдармен жүзеге асырылады. Формальды емес санкция күтпеген мінез-құлыққа ортаның эмоциялық реакциясы. Саясатта теріс санкция басым. Оларға барлық деспоттық, тирандық, қазіргі диктаторлық, авторитарлық және тоталитарлық тәртіптер негізделген. Бірақ XX ғ. 20 жылдар зерттеушілер жазалау кері нәтижеге, яғни адамдар белсенділігін төмендететінін дәлелдеді. Санкция тек бағалау мен жазалау шаралары ғана емес. Олар басқа жағдайларда да қолданылады. Санкция қолында билігі бар адамның қандай да бір әрекетке рұқсат етуі. Мысалы, прокурордың қамауға алу немесе тінту санкциясы.