Сатып алды

lat: Satyp aldy

а) Сатуға қарама-қарсы әрекет жасады, құнын төлеп, иеленді.

Қазақ диаспорасының өкіліне Қазақстанда өз атына орнықты мүлік сатып алу құқы тисе жөн сияқты («Қаз. әдеб.»).

Қазақ ішінде тамыр дәріні саудагерлерден сатып алады(Х.Досмұхамедұлы, Таңд.).

ә) Пара беріп, істі өз пайдасына шешті.

Бәрін де ол пристав жаттап алды.

Басшыларын қағазға хаттап алды.

Аттандырып бұл елге солдаттарын,

Басты-басты кісіні сатып алды(Жамбыл, Таңд. жин.).

б) Оңай жолмен иеленді.

Осы күні бәрі сатылады. Ғылыми атақты да сатып алып жатыр. Қиналып уақытыңды кітапханаларда өткізбей-ақ қой («Жас Алаш»).

в) Қызды қалыңмалын төлеп алды. Қазақта сатып алмаған қатын бар деп естіген емеспін! деді біздің болашақ жарымыз. Шырағым, күйеужан, білгің келсе, қазақта саудагер деген арамсирақ шыққанша бір қыз сатылған емес! Қазақтың қалыңмал деп аталатын жасау деп беретінімен түп-түгел қайтарылып отырады. Оның шын аты екі жақтың да балаларына бөліп шығарған еншісі болатын. Ауылыңда бір есі дұрыс ақсақалың болса, әуелі содан сұрап келіп айтыс менімен! деді Айжидек (Ғ.Мүсірепов, Шығ.).

Баймағамбет сөйледі: Өйдеп таспа, батырым! Зылиқа менің мал беріп Сатып алған қатыным (О.Шипин, Дастан.)