дененің екінші қуысы, көп клеткалы жануарларда (моллюска, эхируидта, сипункулид, сақиналы құртта, погонофор, тікен терілер, жартылай хордалылар, хордалылар) дене қабырғасы мен ішкі мүшелер арасындағы кеңістік. Өзінің мезодермальді туындыларының эпителиальді қабырғаларымен шектелген; целомдық сұйықтығы бар жəне сыртқа арнайы өзекшелерін – целомодукталарын ашады. Целомның негізгі жəне бірінші қызметі – тіректік, дене қабырғасының бұлшық еттерінің жиырылуы тек ішкі тірек сұйықтарына байланысты. Целом организмнің ішкі ортасының биохимиялық тұрақтығын сақтайды, сонымен қатар түрлі екіншілік қызметтерді: трофикалық, тыныс алу, зəр шығару, жыныстық жəне т.б. орындайды. Целомы бар жануарлар целомдық немесе екінші қуыстық жануарлар (Coelomata) деп аталады. Целомның пайда болуының бірнеше гипотезалары бар. Кең тараған схизоцельді гипотезде целом клеткалардың айырмашылықтарынан жəне дененің бірінші қуысының ұлпа аралық кеңістіктерінің ұлғаюынан туындайды.