1916 ж. патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы бағытталған Қазақстандағы ұлт-азаттық тағы бір құрамдас бөлігі. Көтеріліс Семей облысына қарасты Павлодар, Қарқаралы, Семей, Өскемен, Зайсан уездерінің көптеген болыстарын қамтыды. 1916 ж. шілде-тамыз айларында көтерілісшілердің саны Семей уезінде 7 мыңға, Зайсан уезінде 4-5 мыңға, Павлодар уезінде 5-6 мыңға жетіп, Өскемен уезінде 3 мыңнан асқан. 25 шілдеде Семей уезінің бірнеше мың көтерілісшілері жазалаушы казак-орыс жасағымен болған соғыстан кейін Батпақтыкөл ауданына шегінді. Көп ұзамай ондағы көтерілісшілер саны 7 мыңға жетті. 31 шілдеде Өскемен уезінің Тайыпты болысының 3 мыңдай көтерілісшісі жүзбасы Воробьевтің жазалаушы жасағымен соғысып, 60 көтерілісшісі оққа ұшты. Бір орталықтан басқарылмай, бір-бірімен тығыз байланысы болмағандықтан, Семей көтерілісі қазан айында басылды. Жетісу мен Торғай облыстарындағыдай ұйымдасқан сипат алмағанымен, Семей көтерілісі сол өңірдегі қазақтардың ұлттық сана-сезіміне сілкініс әкелді.