Шаңғы

lat: Shańǵy

Сырғанауға жүгірген Жастар шықса Шаңғы алып (Т. З. Кароков). Шаңғы сөзі қазақ тілінде де, сондай-ақ түркі тілдерінің біразында «лыжи» мағынасында қолданылады. Мысалы: өзбек тілінде чанга, ұйғыр тілінде чанғу, татарша чаңгы, башқұрт тілінде саңғы (башқұрт тілінде шаңғының басқа да атауы бар. Саңғы деп терімен қапталғанын айтады да, жай түрін қалтағай дейді). Шаңғы сөзі чаң//-ан(г)//чан(г)е деген түбір сөзге -ғы (-қы, -кі, -гі) жұрнағы жалғану арқылы жасалған. Монғол тілінде цан (г) катқақ, шық, қырау деген сөз. Шаң сөзі қырау мағынасында бурят-монғол тілінде сэн(г), тунгус тілінде санчукса, әвенкі тілінде синчиксе түрінде кездеседі. Түркі тілдерінен бұл сөздің «қатқаң, кырау, борасын» мағынасы якут тілінен кездеседі. Чаң/чаң якут тілінде «қатқан жер, қырау, шық, сүңгі» чаңна//чаңна қыраулату, шаңғыту деген мағынаны білдіреді (Пекарский. Сл. якут. яз., Ш, 3570-71, 3603). Шаңғыны қазақ халқы өте ерте кезден бастап-ақ қолданған (История Казахской ССР, т. I, 81). Шаң сөзі жеке тұрып бірталай түркі тілдерінде «тозаң» деген мағынаны білдіреді. Қазақ тілінде шаң сөзі «қатқақ, қырау, мұз» мағынасында жеке қолданылмайды. Бірақ шаң сөзінің бұл мағынасы тіліміздегі шаңыту//шаңғыту, шаңғыт аяз сөздерінен анық сезіледі. (Б. С.)