Шеміршек

lat: Shemirshek

барлық омыртқалылар мен кейбір омыртқасыздар организмдерінде тірек-механикалық қызметін атқаратын дəнекер ұлпаның түрі. Тұрақты шеміршектен түзілген қаңқа шеміршекті балықтар мен дөңгелекауыздыларға тəн. Қалған омыртқалыларда шеміршек қаңқасы тек ұрықта ғана болады. Онтогенезде шеміршек мезенхимадан дамиды. Шеміршек ұлпасы жеке немесе топ болып орналасатын клеткалардан (хондробластар, хондроциттер) жəне құрамында коллагенді, эластинді, талшықты заттары мен аморфты заттары бар клеткааралық заттардан тұрады. Талшықтары сүйек жəне талшықты дəнекер ұлпаларында кездеспейтін коллагеннің бір түрінің молекулаларынан түзіледі. Бұл талшықтар клетканың айналасында тор түзіп, тығыздығын арттырады. Негізгі заттары жоғары молекулалы полианиондардан галактозамингликандар мен глюкозамингликандардан (хондроитинсульфаттар, кеатосульфаттар, гиалурон жəне сиал қышқылдары, гепарин) түзіліп белоктармен (протеогликандар) қосылып кешендер түзеді. Шеміршектің механикалық қасиеті клеткааралық заттардың ерекшеліктеріне байланысты. Кең таралған гиалинді түрі негізгі затының көп болуымен ерекшеленеді. Шеміршектің осы түрінен ұрықтың қаңқасы түзіледі, ересек сүтқоректілерде сүйектің буын бетінде, қабырғада, ауа өткізетін жолдарда сақталады. Талшықты шеміршекте коллагенді талшықтар шоғырланып жиналып, тəртіппен орналасады. Бұл шеміршек омыртқааралық дискілерде, талшықты ұлпаның (мысалы, сіңір) гиалинді шеміршеккеауысқан жерінде кездеседі. Эластинді шеміршек гиалинді шеміршектен түзіледі, құлақ қалқанының шеміршекті бөлігін, жұтқыншақ үсті, сыртқы есту жолының бөліктерін түзеді. Шеміршек ұлпасы шеміршектің перифериялық өсуін жүзеге асыратын, клеткалары хондробласт клеткаларына айналуға қабілетті шеміршек үсті қабатпен жамылған. Шеміршектің өсуі клеткаларының бөлінуі есебінен жүруі де мүмкін. Шеміршек ұлпасында қан тамырлары болмайды, қоректенуі шеміршек үсті қабаттан диффузды түрде жүзеге асады, ал буындардағы шеміршекте шеміршек үсті қабаты болмағандықтан синовий сұйықтығы жəне жақын жатқан сүйектің қан тамырлары арқылы қамтамасыз етіледі.