Құлақ шеміршегінен өткізген штықтың ізі бар, үш саусағында тырнақ жоқ (Қ. Исабаев). Шеміршек сөзінің төркіні — кеміру сөзі. Кеміру етістігінен кемік сөзі жасалған. Кемік деп қазақ тілінде кеміруге, мүжуге келетін сүйектің майлы жұмсақ жерін айтады. Бұл сөз қарақалпақ тілінде кемик, татар тілінде кимик, өзбек тілінде кумик болып дәл осы мағынада қолданылады. Ал түрік тілінде сүйекті кетік дейді де, сүйек емес бірақ сүйек тектес орысша хрящ аталатын тканьді kemırcık (кеміржік) дейді. Бұл сөз татар тілінде кимәрчәк, башқұрт тілінде кимерсәк, қарақалпақ тілінде кимиршек, өзбек тілінде кемирчак, қырғыз тілінде кемирчек, ұйғыр тілінде кемісәк — кемірчәк болып қолданылып, орыс тіліндегі хрящ деген ұғымды білдіреді, Қазақ тілінде бұл сөздің басындағы к дыбысы ш-ға алмасып кемірчек сөзі шеміршек болып айтылады. Бастапқы к дыбысының ч дыбысына алмасып отыруы оғуз группасындағы тілдерге тән құбылыс. Қыпшақ группасындағы тілдерде бұл сирек кездеседі. Ф. Фасеев, татар тілінің диалектілерінде кейбір сөздердің басындағы к дыбысының ч-мен алмасып келетінін айта келіп, бұл құбылыс татар тіліндегі жеке сөздердің белгілі бір фонетнкалық жағдайдағы дамуының нәтижесі ме, әлде бір кездегі оғуз-қыпшақ тайпаларының жақындығынан қалған тарихи қалдық па деген сұраққа жауап беру үшін жаңа деректер табу керек және оларды зерттеу керек дейді (Ф. Фасеев. Интересное фонетическое явление в татарских диалектах. — «Вопросы диалектологии тюркских языков». Баку, 1960, 145-148). Біздің бақылауымызша, басқа түркі тілдерінің көпшілігінде кемірчәк болып айтылатын сөздің қазақ тілінде шеміршек болып айтылуы — жеке бір фонетикалык құбылыстың нәтижесі. Бұдан қазақ тілінде к дыбысы ш-мен алмасып айтылатын басқа сөз жоқ деген ұғым тумаса керек. Өйткені, шеміршек сөзі, тіпті сол к мен ч дыбысы белгілі фонетикалық жағдайларда алмасып келіп отыратын огуз тілдерінің өзінде де кемірчәк болып айтылады. Қазақ тілінде бұл сөздің басындағы к дыбысының ш-ға айналуына кемірчак сөзінің тұлғасында келетін екінші ч/ш дыбысы ассимиляциялық әсер еткен болу керек. Бұлай деуімізге екінші себеп — бұл сөз екінші ш/ч дыбысынсыз айтылғанда к дыбысы сақталады. Мысалы, кемік, кеміру. Тіліміздегі осы сияқты к мен ш дыбысының алмасуы басқа сөздерде де кездесетін сияқты, бірақ, оларды жинап зерттемей тұрып пікір айту қиын. (Б. С.)