Шен

lat: Shen

Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім (Абай). Қарақалпақ, әзербайжан, қырғыз, татар тілдерінде де қазақ тіліндегідей мәнсаптық, ұлықтық белгісі деген ұғымды білдіретін шен атауы орыс тіліндегі чнн, чиновник сөздерімен түбірлес, сабақтас болу керек. Шен атауының қазақ тілінде тым ертеде қолданылғандығы жайлы қолымызда әзірге дерек жоқ, осыған қарағанда, шамасы, шен қазақ тіліне орыстар арқылы ауысып келген болар деп топшылау дұрыс сияқты. Чин жөнінде Шоқан Уәлиқанов былай дейді: «Қытайда барлық халық мин және чен деп екі топқа (сословиеге) бөлінеді, Мин халық бұқарасы, ал чен болса барлық қызметкерлер, атап айтқанда, патшаның қызметкері болып есептеледі. Орыстың чиновнигі қайдан шыққан? Осыған байланысты біреулер обрядчик, урядчик мағынасында шіркеудегі чиновниктен (архиерь алдында оқитын баладан) алынған десе, тағы біреулер оны қытайдың чен-нен шыққан дейді (Ч. Валиханов. Изб. произ. А-Ата, 1958, 410). Академик В. П. Васильев шен атауы жөнінде «Қытай тарихында болған оқиғалар аз емес» соның бірі қытай императорлары өздерін шет ел хандарының қызметкері (чэнъ) деп те атаған; Хань династиясының басында басталып, Тань династиясының тұсында да осылай болған; алайда олар таққа мықты орнығып алған соң, енді билеушілерден (кейінгі уакытқа дейінгі Аннам, Бирма, Непаль және Кореядағыдай) өз қағаздарында өздерін тек чэнш деп атауды талап еткен» (Васильев. Кит. надписи, 1897, 3). Демек, шен атауы қытайдың монархиялық замандағы атауы чэнь [15] министр, вельможа, немесе, чэн [16] атақ не болмаса цин [17] сановник, канцлер деген сөздерінен ауысқан болу керек. (Б. Б.)