Социология

lat: Sosıologıaá

(лат. societas қоғам және грек logos ілім, сөз) ауқымды (бүкіл қоғам) әрі жеке әлеуметтік жүйелердің дамуы мен қызметтенуі заңдылықтары туралы ғылым. Социология әр түрлі әлеуметтік құбылыстардың өзара байланысы мен адамдардың әлеуметтік құлқының жалпы заңдылықтарын зерттейді. Социология жеке дербес ғылым ретінде 19 ғасырда (терминді Конт енгізген) қалыптасқанымен оның көзі алыста жатыр. Көне философиялық жүйелерде қоғамдық өмір мен тарихи дамудың тенденцияларын өз бетінше түсіндірген қайсыбір әлеуметтік философияны өз құрамына қосып отырған. 18 ғасырда қоғам дамуының заңдылықтары мен қозғаушы күштерін зерттеуге арналған тарих философиясы дербес пән ретінде дамыды. Бірақ онда көптеген құнды қағидалар болғанымен, жалпы алғанда, ол спекулятивті, ақылгөйлі еді. Қоғамдық өмірдің күрделенуі және ғыл. білімнің дифференциялануы социологияның философиядан ажырауына, қоғамдық қатынастарды теориялық талдаумен қатар әлеуметтік фактілерді эмпирикалық түрде зерттейтін дербес пәнге айналуға әкеп соқты: Сен-Симон қоғамтануды «бақылауға негізделген ғылым дәрежесіне» көтеруді әлдеқашан талап еткен еді. Тарихты материалистік тұрғыдан түсіну Маркс пен Энгельс еңбектерінде қандай да болсын ғылыми қоғамтанудың философиялық іргетасын ғана қалап қоймай, қоғамдық өмір құрылымының маңызды әлеуметтік құбылыстардың ( өндіріс тәсілі, саяси мекемелер, мәдениет, қоғамдық сапаның формалар және т.б.) өзара байланыстарынан және қоғамдық-экономикалық формациялардың даму заңдылықтарының теориялық талдауын беруге ұмтылды. Мұнда сондай-ақ эмпирикалық әлеуметтік зерттеулерге де (нақтылы социологиялық зерттеулер) зор мән беріледі. Социология соңғы онжылдықтарда көптеген елдерде өте шапшаң қарқынмен дамыды. Әлеуметтік құрылыстың жалпы және ерекше заңдылықтары, ғылыми-техникалық революцияның кең қанат жаюы, адамдардың еңбекке деген ынтасы, отбасы мен некенің даму тенденциялары, урбанизация, бос уақыт проблемалары, мемлекетті басқарудың жолдары мен тәсілдері және т.б. мәселелер зерттейді. Социология өзінің даму барысында бірнеше сатылардан өтті.19 ғасырдың екінші жартысындағы Социология позитивизм ықпалында бола отырып, негізінен тарихи- эволюциялық сипатта қалды. Социологтардың қоғамдық өмірдің қайсы жағын (факторын) басты деуіне сәйкес социология бірнеше ағымға бөлінеді: геогр. бағыт, нәсілдік-антропол.мектеп (Ж. Гобино, Х. Чемберлен, О. Аммон, Ж. Лапуж), биоорг.мектеп ( П.Лилиенфельд, А.Шеффле, Р. Ворме, А. Фулье), социал- дарвизм. 19 ғасырдың соңына қарай психологиялық мектептің әртүрлі тараулары- инстиктивизм, бихевиоризм, интронекционизм кең дамыды. Осы кезден бастап алдыңғы шепке жеке емес, ұжымдық, қоғамдық саныны қоятын (Ф.Гиддинге, Ч. Кулп, Дюркгейм), немесе әлеуметтік өзара әрекеттің абстракты формалары (Ф.Теннис, С. Бугле) туралы теориялар пайда болды. Экономикалық материализм деп аталатын теория да тарап бастады. 20 ғасырдан бастап батыста социологияға идеалистік философияның ағымдары: неокантшылдық өмір философиясы және фрейдизм зор әсер етті. 19 ғасырда енгендегі социология негізінен теориялық пән болды, ал 20 ғасырдың 20 жылдарынан бастап онда эмпирикалық зерттеулер үлкен роль атқарды, ол социологиялық зерттеу техникасын жетілдірумен қатар социологияны практикада қолдану мүмкіндігінің аясын кеңейтті. Социологтардың көпшілігінің қорытындылаушы социологиялық теорияны дамытудың қажеттігіне көздері жетіп отыр. Философияға да ықылас арта түсуде. Осы тұста натуралистік, политивистік теориялар сынға алынуда. «Адамгершілік социологиясына», феноменологияға, тарап әдіс пен пәнаралық зерттеулерге ықылас өсуде.