ТӨЛЕУ СӨЗ

lat: TÓLEÝ SÓZ

Көркем шығармада кейіпкердің сөзін айтылған қалпын сақтамай, тек мағынасын ғана, жеткізетін сөздер. Мысалы, «Абай жолы» романында М. Әуезов Самалбек тілмәштің Абайға айтқан сөзін былай жеткізеді:«Оның» жалғыз білгенім сол деп айтқаны: алысып жатқан екі жақ бірдей Абайдың куәлігін керек қып отыр. Ояз бен крестьянский начальниктер сол екі жақтың арызы бойынша Абайды тыңдау қажет десті, бірақ олардың ішінде, арғы ниетінде қандай байлау бар екенін Самалбек білмейді. Оның ойынша, Абай не қыларын өзі жақсы аңғаратын болар. Және сол езіне лайық көрінген дағдылы жолмен куәлік айтқаны Абай басына лайық болар»дегендей кеңес тәрізді сөз айтып бітірді». Бұл жерде жазушының кейіпкер сөзін тікелей келтірмей, өзінше мазмұндап беру тәсілі көңіл аудармақ. Көркем шығарамада кейіпкердің ішкі монологы, яғни іштей айтқан ойы, кейде төл сөз түрінде басталып, кейіпкердің аузынан шыққан қалпын сақтағандай көрініп, бара-бара төлеу сөз түріне ауысып, автордың сөзі болып кетеді, ал кейде сол екеуінің жігін, шекарасын айыру қиын болады. Осындай көркемдік тәсіл «Абай жолы» романында Абайды ойлану, толғану үстінде бейнелейтін тұстарда ұтымды қолданылады. Төлеу сөз тәсілін қолдану әдебиетте төл сөзге қарағанда әлдеқайда сирек кездеседі. Бұдан жазушының кейіпкер сөзін тікелей айтылған қалпын сақтап беруге көбірек мән беретіні байқалады. Бекниязов Т.