lat: TÓMENGİ
с ы н. 1. Астыңғы, бір нәрсенің астында орналасқан.
Ол екі қабат үйдің төменгі қабатында сізге хат жазып отырған (Ә.Жылқышиев, Балжан.).
Бас инженер сөзді бөліп, қарсы алдындағы экранның төменгі тұсындағы көп түйменің бірін басты (Ж.Сахиев, Тіршілік.).
2. Еңісте орналасқан, ылдида жатқан.
Нәсіп жаңа ғана оянып, төсегінен тұрып, төменгі бөлмеге шыққан еді (Д.Әбілов, Баянауыл.).
Ат қойып кеп жоғарғы ел мен төменгі ел, Судай қаптап «сұлтаным-ай!» дегендер, Кер төбеге кетпен тиді кешікпей – Кетті қайтып келмейтұғын кемеңгер (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).
Сонау жатқан төменгі – Астарханның бойында Он екі ата – Байұлы. Әлім менен Шөменнің Мен едім даңқты шайыры (Базар жырау, Шығ.).
3. Төменде көрсетілген, кейінгі.
Досмайылдың бар әдепсіздігі жоғарыда жазылған ғана болса, біз елең қылмас едік, оның төменгі сөздері еріксіз жауап бергізеді (М.Дулатов, Шығ.).