ТӨЗІМДІЛІК

lat: TÓZİMDİLİK

зат. 1. Шыдамдылық, көнбістік.

Жұрттың бәрі жас жігіттің төзімділігіне, айтқан әңгімесіне қатты риза болды (Т.Әбдіков, Күзгі жапырақ.).

Ойпырай десеңші, сендегі төзімділікті, байсалдылық пен сабырлықты, тіпті ақыл-ойды маған берсе ғой (О.Бөкеев, Өз отың.).

2. т е х. Сыртқы ортаның қолайсыз әсерінен немесе ұзақ уақыт сақталғанда материалдардың, аспаптардың белгілі бір қасиеттерін жоғалтпау қасиеті; беріктік, мықтылық.

Төзімділік – сыртқы ортаның жағымсыз әсері кезінде немесе ұзақ уақыт сақтағанда белгілі бір қасиеттерді жоғалтпауға бейімділігі (Қаз. тілі термин. Химия).

Темірдің хром, молибден, кремний элементтерімен біріккен түрі, болаттың қаттылық, серпімділік, төзімділік сапасын арттырады («Білім және еңбек»).

Осы қасиеттер төзімділігі жоғары табиғи талшықтар алу үшін шикізат материалы болып табылатын мезофазалы шайырлар алуға болады деген сөз («Зерде»).

3. Түрдің қандай да бір экологиялық фактордың ауытқуына, ағзаның белгілі бір заттың, удың жағымсыз әсеріне шыдамдылығы.

Фактордың экологиялық минимумы мен максимумы арасындағы ауқым төзімділіктің шегін құрайды. Төзімді организмдерге қоршаған ортаның қолайсыз өзгеруіне өте тұрақты түрлер жатады (Қаз. тілі термин. Экология).