ТҮП

lat: TÚP

зат. 1 . Су (өзен, көл) астындағы жер қабаты.

Сені мен көп іздегем, көп іздегем.

Жұлдыз боп төніп едім теңізге де.

Көрініп көз алдымда тұрмағасын,

Түбінен тұңғиықтың сені іздегем (2,218).

Су түбіндегі әйнектің сынығындай нұрсыз, ұшқынсыз мөлдіреп қана қояды (4,182).

2 . Өсімдіктердің (ағаш, бұта) жерге кіріп тұрған бөлігі.

Жасайын қорған гүліңе,

Жаңарып өскін, жас қайың.

Су жіберіп түбіңе ,

Тіршілікке бастайын (1,50).

3 . Өсімдіктер түбірінің бір топ шоғыры .

Кәрі жартас жатыр тік,

Жел дамылдап бетінде.

Әлдеқалай жалғыз түп

Гүл өсіпті шетінде (1,43).

Өзінің өскен өлкесінің ойы мен қыры, қысы мен жазы, күзі мен көктемі, тіпті әрбір түп бұтасы мен бұрышы да ап-айқын, қаз-қалпында (4,142).

4 . Бір нәрсенің жаны, қасы.

Жасыратын жас гүлге жаққандай от,

Жасыратын Бағдатқа атқандай оқ.

Көрінетін құлаған әлсіз дене,

Ақ қайыңның түбінде жатқандай боп (1,147).

Мәлігін арқасына салған да, үйіне келіп пеш түбіне жата кеткен. Содан әлі жатыр (4,140).

5 . ауыс. Ақыры, соңы, тоқтар жері.

Әлди, әлди, бөпем-ау,

Бәрі де бекер екен-ау!

«Сабыр да түбі сары алтын»,

Сарғайып қашан жетем-ау?! (2,146).

Бағдат! «Уайым түбі тұңғиық, түсесің де кетесің! Бақыт, қуаныш деген әке-шешемен ғана шектелмесе керек! (4,226).