lat: TÚSİNÝ
Адамның ойлау әрекетінде шындықтағы заттар мен құбылыстардың негізгі қасиеттеріне, ерекше белгілеріне, мәніне түсіне білудің маңызы зор. Түсіну арқылы ғана біз айналамыздағы заттардың себеп-салдарды байланыстарын, бір біріне тәуелділігінің шығу тегі мен даму жолын ажыратамыз.
Түсінудің басы – шындықтағы заттар мен құбылыстарға танысудан, көріп, білуден басталады. Өйткені қандай нәрсені болмасын «ұғыну үшін, ұғынуды, зерттеуді эмпириялық жолмен бастау» қажет. Түсіну күрделі ой жұмысын керек етеді. Мәселен, «Бұл не нәрсе?» деп сұрақ қоюдың өзі де түсінудің қарапайым формасы, ал «Бұл қалай және қашан пайда болған?», «Бұл не үшін жасалынады?» деген сұрақтарға жауап беру арқылы шындықтағы құбылыстардың негізгі белгілерін, олардың байланыстарын ашып, түсіну қабілетімізді білдіреміз.
Заттар мен құбылыстардың тек ішкі мәніне түсінудің арқасында ғана түрлі амал-әрекеттің себебін, олардың бір-бірімен байланысын, ішкі мазмұнын, яғни ғылымның тұжырымдарын аңғарамыз. Бұл айтылғандармен бірге түсіну сан алуан құбылыстың бөліктері мен ұсақ-түйектерін айыруда, басқа біреудің сөзінің мәнін ұғуда да (мәселен, интонация, пауза, метафора, әзіл, қалжың т.б.) ерекше көрінеді.
Бірақ барлық жағдайда да дұрыс түсіну үшін адамға білім қоры, дағды, іскерлік қажет. Түсіну сөз арқылы берілетіндіктен түрліше формаларда тұжырымдалады. (Түсіну қысқаша, жалпы, кең, детальді т.б. болып келуі мүмкін) Түсінудің бұлай түрліше болып келуі адамның алдына қойған мақсатын, жеке психологиялық ерекшеліктеріне, ана тілінің ішкі заңдылықтарын білуіне, сол адамның сөзі мен ісіне байланысты болады. Бір нәрсеге дұрыс түсінгендіктің көрінісі – сол материалды өз сөзімен түрлендіріп айтып, іс жүзінде орындап көрсету болып табылады. Түсіну екіге бөлінеді: оның бірінші түрі – тікелей түсіну. Тікелей түсіну жанама түрде ой операцияларын керек етпейтін, қабылдауға ұқсас процесс. Мәселен, бізге жақсы таныс сөздер, сөйлемдер, белгілі құбылыстар, адамдардың қылықтары т. б.
Түсінудің екінші түрі - жанама түсіну. Жанама түсіну бірнеше аралық, басқыштардан тұратын, ой операцияларын қажет ететін, көмескі нәрсені анық, айқын етіп бейнелеуде бірнеше ой түйіндерін талап ететін процесс. Жанама түсінуде сұрақ қоюдан басталатындығын, сұрақ пен жауап табудың арасында аралық түйіндер бар екендігін, осы аралық түйіндерді табу жаңа мәселені шешудің кілті екендігін атап өтуіміз қажет.
Тіпті, қарапайым есептің өзінде де осы жолды көруге болады. Мәселен, «Ахметте үш алмұрт, Хасенде екі алмұрт бар. Екі балада барлығы қанша алмұрт бар?» деген мәселе есепті шешуде де белгілі шығару амалынсыз (яғни бұл екі санды бір-біріне қоспайынша) оның жауабы шықпайды. Бұл жерде қосу аралық амалдың қызметін атқарып отыр. Ойлау дегеніміздің, өзі мәселені шешу, оның мәнісіне түсіне білу деген сөз. Мәселен, «Сырдария Арал теңізіне құяды» деген сөйлемде ой тууға негіз боларықтай себеп жоқ. Өйткені бұл бұрыннан бізге белгілі нәрсені білдіретін хабарлы сөйлем ғана. Ойлау қашанда белгілі қажетке байланысты адамға әзірше белгісіз жайтты іздестіруден туындайды.
Проблемалық ситуация (жағдай) адам ойлауының түрткі қазығы. Бізге әзірше белгісіз, ойланып-толғануды қажет ететін құбылыстың бәр-бәрі проблемалық жағдайға саяды. Мәселен, құйғытып келе жатқан жеңіл машина кенеттен тұрып қалды дейік. Мұндайда шофер машинасының әр тетігін басып көріп, осы жайттың неден болғанын ой жүгіртеді де, көп ұзамай өзіне бұрыннан белгілі нәрсенің енді жарамсыз екендігіне көзі жетіп, жаңа мүмкіндіктерді іздестіре бастайды.
Адам сұрақ қою арқылы алдыңдағы кедергіні сезеді, оны біртіндеп жояды, сөйтіп, өзінің әр түрлі тану қызығуларына жауап алады. Сұрақ қою, оны дәл тұжырымдау, мәселені «ойда ұстай білу» сұрақты талдай білу және жинақтау, шығару тәсілі мен амалдың орталық түйінін табу, жорамалдар жасай білу т.б. ойлау процесінде мәселелерді шешу үшін аса қажетті жағдайлар болып табылады.
Төменгі сынып оқушыларында тануға негізделген тікелей түсінулер байқалады. Бұл тікелей түсінулер – заттарды тікелей қабылдаудан туған түсінулер. Егер зат баланың өткен тәжірибесінде болмаған болса, оны бірден түсіну қиынға соғады. Түсіну үшін оны алдымен жан-жағынан жақсылап қабылдап алу қажет.
Жанама түсіну – жаңа затты, құбылысты белгілі ұғымға жанастыра барып түсіну деген сөз. Баланың сыртқы дүниенің, сан қилы сырларын түсіне алуы жанама түсінулер арқылы ғана жүзеге асады. Бір нәрсенің мәніне түсіну үшін жай тану жеткіліксіз, оған қоса, оның себебін, яғни неліктен осылай болып тұрғанын білу керек.
Мектеп жағдайында кейбір оқушылардың оқыған әңгімесін, грамматикалық, математикалық ережелерді дұрыс түсіне алмайтын фактілері жиі кездеседі. Мұғалімдер көбінесе баланың әр жаңа материалды не себептен түсінбей қалатынын кезінде талдау жасап отырмайды. Бала ойлауы үнемі кедергісіз жүріп отыратын процесс емес, ол кейде құбылыстарды толық бейнелей алмайды, тіпті қателіктер де жібереді, бірде білмегенің екіншіде біледі. Міне, осы жайларды мұғалім асқан байсалдылықпен ескеріп отыруы тиіс.
Сондықтан жаңа сабақты бірден түсіне алмай қалған оқушыларды ұғымы төмен деп кінәлаудың өзі педагогикалық тұрғыдан дұрыс болмайды. Төменгі класс оқушыларының ойлауы негізінде нақтылы келетіндіктен, олар көп нәрселерді өз қалпында түсінуге бой ұрады. Мәселен, бір зерттеуде үшінші кластағылардың аллегориялық ұғымдардың мәнін жете түсінбейтіндігі анықталған. Олар: «білімді» деген ұғымды тек «оқитын адам»; «дүние» ұғымын «байлық», «ақша»; «жақсылық,» ұғымын «жақсы нәрсе»; «ер» ұғымын «аттың ері» деп олардың заттың, бейнелік жақтарына көбірек көңіл аударады да, осы ұғымдардың мәнін салыстыру, теңестіру арқылы түсіндіріп бере алмайды». Балалардың құбылыстарды түсіне алуында олардың сөз байлығын, сөздік қорының өсіп отыруын қадағалау зор маңыз алады. Мұғалімнің жаңа сабақты түсіндірудегі методикалық шеберлігінің (әр ұғымды өз мәнінде толық түсіндіру, сөйлемдердің қысқа, ықшам болып келуі, екі ұшты сөйлемеу т. б.) жоғары болуы бала түсінігінің жақсы дамуына қатысы бар басты факторлардың бірі.