lat: Túsiný
Түсін етістігінің қимыл атауы.
1. Мәніне жету, бағалау.
Поэзия – әсемдікті мүсіндеу. Ал әсемдік – ізгіліктің қанаты. Жыр қадірін түсінбеу Гүл қадірін түсінбеуден әлдеқайда сорақы (М.Шаханов, Ғасырлар.).
2. Терең сезіну, білу, ұғыну.
Қазір математика ғылымы дамуының тіпті алға кеткеніне және біздің геометрияның негіздерін, принциптерін түсінуіміздің өте тереңдігіне, әрине, шүбә қоюға болмайды, сөйткенмен де Эвклидтің «Негіздері» таза математика жөніндегі кітаптың үлгісі болды және бола бермек (О.Жәутіков, Жаратылыстану.).
Болдым талай Қаратау, Ақтауыңда. Есіміме елеңдеп жатты ауыл да. Керек маған түсіну, Құлақ түру; Артық болмас қолпаштау, Мақтауың да! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).
3. Ойлау әрекетінің нәтижесінде белгілі бір оқиғаның немесе құбылыстың мағынасы жайлы ой-тұжырымға келу.
Түсіну мүмкіндігімен сан алуан құбылыстардың себеп-салдарын, елеулі белгілерін, өзара байланысын, маңызы мен мағынасын ұғынуға болады (ҚҰЭ).