Түсін

lat: Túsin

е т. 1. Мәтіннің мазмұнын меңгеру, білу.

Осы тәртіппен оқып шыққан соң, кітаптарын жаптырып қойып, мақаланы балаларға өздері түсінгенше жатқа айттырып шығарарға керек (М.Дулатов, Шығ.).

2. Сезіну, тану.

Түлкінің түсінді адам нұсқауына, Арманда еді қолға ұстауына. Қасқырды тоқпағымен төпей берді: «Асықсаң бар, деп, жорам, қыстауыңа!» (О.Шораяқов, Шайыр).

Жалғыз қызының жайын түсінер деген анам не айтып отырсыз? (М.Дүйсенов, Гүлжан.).

3. Ұғыну, байыбына бару, мәнін білу.

Ұға алмадым, түсінбедім бұл ажарсыз күйіне, Түсте барсам, кетіп қапты әкпесінің үйіне (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Тамам болды осымен Әрбір сөздің сағасы. Бұл сөзімді түсінер Адамның есті данасыердері Әбубәкір, Қазағым).

4. Бағалау, баға беру, қадірлеу.

Қызды қарғау?! Дәл осыны үшін мен Әлішерге қарсы едім ғой ішімнен. Бүгін, міне, жалғыз қазақ шығармын Ұлы өзбекті бір өзбектей түсінген (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).

Күн үміткер, Бірақ тағы жеңбек түн: Бәрі заңды тумақ пенен өлмектің. Күш-қуатың сарқылып та бітеді Қасиетін түсінгенше Еңбектің! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан).

5. Белгілі бір елдің тілін білу, өзге тілде сөйлесе алу.

Қолымда қонақүйдің номері бар, Көрсеттім сол арада тұрғандарға. «Северный,Северный» деп шуылдайды. Тіліне түсінбедім ылаж бар ма! (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

6. Хабары болу, аздап білу.

Біле ме түсінбеген әннің парқын, ән үні естіледі оған салқын. Жүрсем де сабау қамшы, салт атты боп, Таралған ел ішіне әнім қалсын (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

7. Ғылымды, білімді игеру, меңгеру.

Бала айтты: «Жаңа оқуың қандай ғылым? Боямай білдіріңіз ашып сырын”. Ол айтты: «Жүре-жүре түсінерсің, Тетігі тоқсан сөздің жалғыз түйін» (О.Шипин, Дастан.).