мемлекет, қоғамдық ұйымдар тарапынан жүзеге асырылатын қоғамдағы тілдік жағдаятты өзгертуге немесе тұрақтандыруға бағытталған саяси, әлеуметтік және лингвистикалық шаралар жүйесі. Ел-елдегі тілдік жағдаяттың әр түрлі болуына байланысты тіл саясаты да әр алуан болып келеді. Тіл саясатының өзіндік сипатына қарай ана тілі тағдыры шешіледі. Демократиялық бағыттағы тіл саясатын ұстанған мемлекет әр этностың ана тілінің өмір сүруі мен дамуына жағдай туғызса, кертартпа тіл саясатқа бой ұрған мемлекетте бірді-екілі тілдің дамуына ғана мүмкіндік туғызылып, қалғандарын іс жүзінде тежеп, азшылық этностардың ана тілін жойып, оларды бірыңғай мемлекеттік, әкімшілік тіліне көшіруге тырысады. Осы жолда қолда бар мүмкіншіліктің баршасын іске қосып бағады. Олай болса, тіл саясаты екі түрлі бағытта жүргізіледі деп түюге болады. Бір бағыты – тілді тұншықтыру, екіншісі- тілдердің еркін дамуына жағдай жасау. Әлеуметтік лингвистика өз мақсатына қарай кез келген жүзеге асырылып отырған тіл саясатының мәселелерін, олардың идеологиялық негізі мен практикалық нәтижелерін бірдей нысана етеді.