ТІЛ САЯСАТЫ

lat: TİL SaıasatY

(грекше politike мемлекет басқару өнері , ) - мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі; тілді жоспарлаудың белгілі бір субъектілерінің (мемлекеттік билік, əлеуметтік топтар, элиталар, халықаралық ұйымдар, партиялар, таптар т.б.) тіл қызметіне, тіл дамуына саналы əрі мақсатты түрде ықпал етуінің теориясы мен тəжірибесі; қолданыстағы тілдердің қызмет етуіне мақсатты жəне ғылыми негізде басшылық ету жəне тілдік қатынас құралдарының жаңа түрлерін жасау жəне жетілдіру. Тіл саясаты елдегі тілдік ахуалдың дамуындағы стратегиялық бағытты белгілейді, жүзеге асатын тілдік жоспарларды реттейді, тілдік заңнамада жəне тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламарында бекітіледі. Тіл саясаты көмескі болуы да (мыс., АҚШ-тағыдай, жарияланатын құжаттарсыз, акцияларсыз жəне іс жүзінде көрсетілмей), заңдармен, кесімдермен, мемлекеттік бағдарламалармен бекіп көрінеу жүргізілуі де мүмкін. Канадада «мəдени жəне тілдік мозаика» саясаты бар, ол бойынша орталықтандырылған Тіл саясаты (Оттаваның федералды үкіметі тарапынан) жəне тілдік федерализмнің өңірлік Тіл саясаты (провинциялық үкімет, соның ішінде Квебек үкіметі тарапынан) қатар жүргізіледі. Вестерндік тіл саясаты еуропалық тілдердің қолданылу аясын кеңейтуге бағдарланады (мыс., əліпбиді латыннандырып, бір кездерде сөздік құрамның 90%-ына дейін жеткен араб пен парсы сөздерінен тазартылған түрік тілдік үлгісі). «Истерндік» тіл саясаты Ирандағы «Ұлы дəстүрден» толық байқалады, онда араб тілі мен жазуы киелі болып саналады, батыс өркениетінің жетістіктері қабылданбайды, мұны Орта Азияның кейбір мұсылман елдерінен де байқауға болады, олар араб жазуын оқытады, халықаралық сөздер мен терминдерді араб жəне парсы баламаларымен ауыстырады т.с.с. Демократиялық тіл саясаты тіл мəртебесіне қарамай тілдердің бəрінің құқығын қорғайды. Қазақстандағы Тіл саясаты мемлекеттің тілдік тірліктің мəселелеріне деген қатынасының шоғырланған көрінісі болып табылады. Қазақстандағы Тіл саясаты сипаттарын былайша бағалауға болады: орталықтандырылған (өйткені бұл саясатты мемлекет жүргізеді жəне міндетті іс-шаралардың жүйесін қарастырады), келешекті (өйткені Қазақстандағы қазіргі тілдік ахуалдың өзгеруіне бағытталған), демократиялық (өйткені қалың бұқараның мүддесін ескереді), интернационалдық (өйткені негізгі стратегиялық бағыт ретінде қазақ тілін, орыс тілін жəне басқа этностық топтардың тілдерін дамыту таңдалған), сындарлы (өйткені тіл қызметінің аясын кеңейтуге, қазақ тілінің қолданылу аясын, əлеуметтік-коммуникативтік рөлін жəне өміршеңдігін молайтуға, орыс тілінің, сондай-ақ басқа тілдердің қолданылуы мен дамуын қолдауға бағытталған) (қар. Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, Мемлекеттік тіл, Тілдік заңнама, Тілді жоспарлау).