Этностық қоғамдастықтың Ана тілінен, Этностық тілінен басқа, беделділеу немесе басымырақ тілге көшуі. Тілдің ауысуы дара түрде (егер белгілі бір тілдің нақты бір иесі ана тілін басқа тілге ауыстырса) жəне ұжымдық түрде (егер белгілі бір Тілдік қоғамдастық этностық тілін басқа тілмен ауыстырса) болуы мүмкін. Тілдің ауысуы жол бастайтын негізгі шарт – бұқаралық Қостілділік. Тілдің ауысуы үдерісінің еркін
түрде жүруі өте сирек кездеседі, бұл көбінесе саяси, экономикалық, мəдени т.с.с. қысымдардың салдарынан болады. Тілдің ауысуы себептері: тілді пайдалану аясының (əуелі қалада, сонан соң ауылда) тарылуы мен жоғалуы; тілдердің түйісуінің қарқындылығы; біртілді адамдардың азаюы/жойылуы жəне қостілділер (əсіресе, балалар арасында) санының молаюы; Этностық миграция, жаһандану, индустрияландыру, урбандану, демографиялық өзгерістер, білім саласындағы Тілдік саясат т.б. Мəселен, Цин əулеті биліктен тайған соң (1911 ж.), қытайлықтардың Манчжурияға жаппай көшуі мəнжүрлердің ана тілін ханзу тіліне ауыстыруына алып келді; прусс тілінің (батыс Балтық тобына жатады) иелері XVIII ғасырдың басына қарай неміс тіліне көшті. 1989 ж. халық санағының мəліметтері бойынша, Тілдің ауысуы жоғары пайызы еврейлерден (86,62%), ителмендерден (81,26%), нивхылардан (80,32%) байқалды. Орыс тіліне көшу қазіргі уақытта Қазақстан жəне ТМД корейлерінде байқалады (қар. Аккультурация, Ассимиляция, Демография, Этностық фузия, Тілдік ассимиляция, Тілдік экспансия, Тілді жоспарлау).