ТІЛДЕРДІҢ ТОҒЫСУЫ

lat: TİLDERDİŃ TOǴYSÝY

екі тілдің қарым-қатынасқы түсу нәтижесінде бір-біріне әбден сіңісіп кетуі. Тілдердің тоғысуы этникалық топтардың, тайпалардың араласып-құраласып кетуіне, сондай-ақ бір халықтың екінші бір халықты жеңіп, бағындырып, өзіне қаратып алуына байланысты болады. Тілдердің тоғысуы туыстас халықтар тілдері арасында да, туыстық жоқ, тілдері о бастан-ақ бөлек-бөлек халықтар арасында да болуы мүмкін. Саны жағынан көп халық аз халықты өзіне қаратып, қосып алуы да мүмкін. Тілдердің тоғысуы ұзақ әрі күрделі процесс. Екі тіл тоғысқанда ол тілдердің құрылымы тоғысады: бірінің құрылымы біртебірте жойылып, жоғала бастайды. Бірақ соның өзінде жойылған тіл өзін жойған тілде азды-көпті дәрежеде өз ізін қалдырады. Тілдер тоғысқанда көп уақыт бойы оларды қолданушы халықтарда қостілділік жағдайы сақталуы мүмкін. Қысқасы, екі тіл тоғысқанда бірі жеңіп, бірі жеңіледі, яғни жеңген тіл, жеңілген тіл пайда болады. Осыған орай әлеуметтік лингвистикада үш түрлі: атстрат, субстрат, суперстрат терминдері қолданылады.