зат. Жер бетінен өркештене көтеріліп, созылып жатқан, құзды, құзартты биіктік . Тауың қайда, туған елім? Табынайын ардақтай, Жауың бар ма, туған елім? Атылайын садақтай (2,277). Тау – бір аңыз, Тау – дастан. Таусылмаған әу бастан. Тоқтап қалған керуен, Бір-бірімен жалғасқан (3,263). // Тауда туған, тауда өскен . Түргелем де, таямын ауылыма, Жараспайды қалаңыз тау ұлына. Кеңірдектен тойдым-ау, жетер енді, Бұл қаланың ойыны, сауығына (1,164). Сиқырлы үнін сызылтқан сырнайға еріп, Қыршын жасты қоршапты қимай келіп. Жалғыз жанмен айрылмас дос болыпты, Тау елінде қалулы хош көріпті (4,35). // Таудан аққан, таудан ескен . Есімде: тау өзені тулағаны, Тоғайларда құстардың тұнған әні, Көлбеген көк мұхиттан төмен қарай, Сорғалап үш қыранның зулағаны (2,184). Жанай соққан бөктерден тау самалы, Жасыл алқап далаға жан салады. Боз үкісін көделер үлпілдетсе, Саршұнақ, бетегелер тамсанады (1,305).