ТАҒАЙЫНДАУ

lat: TAǴAIYNDAÝ

Тағайында етістігінің қимыл атауы. 1. Біреуді белгілі бір қызметке қою, орналастыру. Мұғалім кадрларын іріктеу, жұмысқа т а ғ а й ы н д а у, тұрақтандыру ісіне мейлінше көңіл бөлеміз («Қазақст. мект.»). Шетелдік діни бірлестіктердің Республика аумағындағы қызметі, сондай-ақ шетелдік діни орталықтардың Республикадағы діни бірлестіктер басшыларын т а ғ а й ы н д а у ы Республиканың тиісті мемлекеттік органдарымен келісу арқылы жүзеге асырылады (ҚР Конституциясы). 2. Белгілеу. Еңбек биржаларының негізгі атқаратын қызметтері мыналар: адамдарды жұмысқа орналастыру үшін делдалдық қызмет көрсету және жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы т а ғ а й ы н д а у (Б.Жүнісов,.. Нарық. эконо. негіз.). 3. Айқындау, анықтау. Оның үстіне қылық дегеніміз осы қимылдардың шумағы (жинағы) болса, ол қимылдың арасындағы байланысын табу да, басқаша айтсақ, қимылдардың мінезін, сыртқа шығу түрін т а ғ а й ы н д а у да психологияға кіреді (Ж.Аймауытов, Шығ.). Құбылыстың өзгеруін талдаудың мәнісі бұл құбылыстардың нендей шарты болғандығын т а ғ а й ы н д а у (Ж.Аймауытов, Шығ.).