зат. 1. Жабайы аң (қасқыр, құс). Бір тағыны бір тағы, Жөндеп жатыр, не керек! Тағылардың ұрпағы, Тайды құртса, не дер ек?! (1,218). Осы арада ұстазым жармасыпты тағыға, Үлгіріпті сойқанның арқасы мен жалына, Айтты ол маған: «Ал енді батылдық бер жаныңа! (5,81). // Сын есім мағынасында. Сарыуайым секілденіп сарғайып кеп таң да атты, Ол үңгірді тастады да, тағы шолды жан-жақты. Таудың тағы аңдары да жоғалыпты зым-зия, Бұл өңірде одан бөлек тірі тұяқ қалмапты (2,264). Жартасқа әкеп қойды мені шыңға тіккен шынардай, Құлама құз, тайғанақ тас құмырсқа да құлардай, Таудың тағы ешкісі де тайғанайтын шыға алмай (5,92). 2. ауыс. Көпшілікпен араласпай, бөлектеніп жүретін адам. – Байекеңе айт, естісін, Құрман – атым, Зауқым жоқ заңды олжадан құр қалатын. Табиғаттың тауда өскен тағысымын, Тақыр кедей мен емес құл болатын (1,190). Тағылардың тағысы бөлексің де, Сенің қаңқаң итіме керексің бе? Бойыңдағы тоныңды тонап алып, Өлексеңді қалдырам өлекшінге (3,233).