lat: TALANT
(грек. talantоп – бастапқыда салмақ, өлшем, кейіннен ауыспалы мағынада – қабілеттер деңгейі) – қабілеттердің ең алдымен, арнайы қабілеттердің дамуының ең биік деңгейі.
Талант Адам қарекетінің принципті жаңалығымен, бірегейлігімен бұрын-соңды болмаған жаңалығынан байқалады. Адамның таланты музыкада, әдебиетте, ғылымда, техникада т.б. іс-әрекеттерде көрінеді. Таланттың дамуы еңбек ете білумен, еңбек сүйгіштікпен тығыз байланысты.
Әйгілі ғұламалардың пікірінше «талантты өсіретін нәрсе – істі сүю» деп бекер айтпаған. Осы себепті адамның Талантының дамуында оның дүниетанымы, қоғамдық позициясы орасан зор рөл атқарады. Творчестволық қызметтің сан салалы өкілдерінің барлық қуат-қабілеттерінің бірдей шарықтайтын кездері болады. Мұндайда олардың санасы барынша өткірленіп, мейлінше айқындалады, байқағыштағы онан сайын арта түседі, жазатын нәрсесі мұқият әрі тез дайындалумен қабат, іште жетіліп піседі.
Бұл – адам талантының шарықтауының тамаша бір көрінісі. М.Әуезов «Абай жолының» кейінгі үш кітабын машинкаға жатқа айтып бастырған. Тек зор талантты адамның ғана осындай «керемет» қасиеттері болады. Жазушы Ә. Нұрпейісов Мұхтардың талант ерекшелігін былайша сипаттайды: Бірде үйіне бардым. Кабинетінің есігі ашық қалыпты. Мұқаң «Ақын аға» аталған үшінші кітапты жатқа айтып тұр... Оның жүрексіне, толқи шығатын қоңыр дауысы шалқар шабыт тұсында шалқи төгілген аса білімді, көл-көсір көріністерді, адам жанын аламан-асыр қылатын ащы-тәтті шындықтарды, өлмес-өшпес көркем сөзге айналдырып жатты. Дес бермей бара жатқан ой тасқынын іріккісі келгендей ара-тұра бір жөтеліп алады да, қайтадан сөз маржанын толассыз тоғыта береді.
1. Осы сәт бізге үлкен талант иелерінің шығармалары оп-оңай өзінен-өзі жазыла салатындай етіп көрсетуі мүмкін. Ал, шындығында бұлар «инемен құдық қазғандай» еңбектенеді. Аты-шулы ақын-жазушылардың, ғалымдардың қолжазбаларын көрсек, олардың бір жазғанын қайта-қайта өңдейтінін, сан рет көшіріп жазатынын, бір сөзбен айтқанда, қажымай-талмай, ерен еңбек ететіндігін байқатады. Талант деп қандай да бір іс-әрекеттің, әсіресе табысты, дербес түрде шешілуіне жағдай жасайтын аса үздік қабілеттіліктердің ұштасуын атайды.