ТАМАША

lat: TAMASHA

(пар. тамаша تماشا)     

1. Бірге жүру, бірге бару.

2. Қызықтап қарау, шолу, көру.

Молда шешең алтынды тұрды қарап, Кімнен түсіп қалды деп тамашалап («Қағира мен Таймұс». Бабалар сөзі. 5-том. 2004. 100 томдық).

Енді перілердің кәпір, мұсылманлары соғыс қылды, Сейіт сонда тамаша қылып тұрды («Ғазауат сұлтан». Бабалар сөзі. 14-том. 2005. 100 томдық).

Тамашалы қызықты.

Шаһбал тамашалы қылды тойын, Жаңылды адам-пері ақыл-ойын («Қисса Сейпілмәлік шаһзада Бәдіғұлжамал перізат». Бабалар сөзі. 17-том. 2005. 100 томдық).

Зылиха айтты: Ұйқыда бір түс көрдім, Түсімде тамашалы бір іс көрдім («Жүсіп-Зылиха». Ғашықнаме, 1976).

Уәзірдің шақыруын алды қабыл, Аттанды бір тамаша атқа кәміл («Әбуғалисина, Әбілхарис». Бабалар сөзі. 7-том. 2004. 100 томдық).

Тамаша әйлап қызықтап қарап.

Ішінде ол шаһардың тірі жан жоқ, Бәрісі тамаша әйлап кіріп бақса («Қисса Жиһаншаһ Тамузшаһұғылы». Бабалар сөзі. 20-том. 2005. 100 томдық).

Бұ атты осылайша қойды байлап, Бес қонақ тұр бұ іске тамаша әйлап («Қисса үш қыз». Бабалар сөзі. 5-том. 2004. 100 томдық).

3. Ауысп. Жиылыс, ойын-сауық, той-думан, қызық.

Тамашаға жиылған көп адамдар, Шаһарда кәпір, жүһүд, мұсылмандар («Хикаят Марғұба қатын». Бабалар сөзі. 5-том. 2004. 100 томдық).

Тамаша, ойындары біткеннен соң, Сәлімжан бесінші күн үйіне қайтты («Хикаят Сәлімжан». Бабалар сөзі. 5-том. 2004. 100 томдық).

4. Ауысп. Таңқаларлық, керемет.

Бір тамаша хикая мен де айтайын, Құлақ салып тыңлаңыз, жамиғ асхаб («Патша Синдбад хикаясы». Бабалар сөзі. 5-том. 2004. 100 томдық).

Құдіретімді тамаша қылған деді, Еліңе өз жүзіңді көрсет заһир («Жүсіп-Зылиха». Ғашықнаме, 1976).