ТАРИФТІК ПРЕФЕРЕНЦИЯЛАР

lat: TARIFTİK PREFERENSIaÁLAR

Қазақстан Республикасы мемлекеттерге кедендік баждардан босату не оның ставкасын төмендету немесе тауарларды преференциялық әкелуге (әкетуге) квота белгілеу нысанында беретін сыртқы экономикалық қызмет саласындағы арнайы артықшылықтар.

Тарифтік преференциялар Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша беріледі.

Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінетін және Қазақстан Республикасымен кеден одағын немесе еркін сауда аймағын құратын мемлекеттерде шығатын тауарлар, сондай-ақ көрсетілген мемлекеттерге Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкетілетін және Қазақстан Республикасында шығатын тауарлар кедендік баждарды салудан босатылады.

Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінетін және Қазақстан Республикасының ұлттық преференциялар жүйесін пайдаланатын дамушы мемлекеттерден шығарылатын тауарларға төмендетілген ставка бойынша кеден баждары салынады.

Мұндай мемлекеттер мен тауарлардың тізбесін, сондай-ақ кедендік баждардың ставкасын төмендету деңгейін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелінетін және Қазақстан Республикасының ұлттық преференциялар жүйесін пайдаланатын анағұрлым төмен дамыған мемлекеттерден шығарылатын тауарлар кедендік баждарды салудан босатылады.

Мұндай мемлекеттер мен тауарлардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.