[аб. ] з а т. 1. Ақиқат, шындық өмірдің, қоғамның немесе басқа бір заттың шығу, өсу, даму жағдайы. Т а р и х т ы ң қызметі – бүтін адам баласының яки бүтін бір жұрттың, я бір таптың өткен өмірін болған күйінде айнытпай айту. Т а р и х т ы ң мақсаты бүтін адам баласының өмірі нендей табиғат заңымен өзгеретінін білу (А.Байтұрсынов, Шығ.). Біз жараттық мынау ғажап ғасырды, Т а р и х ы оның біздерменен ашылды. Біздің мына қолтаңбамыз басулы. Құрметтеңдер жиырмасыншы ғасырды! (М.Мақатаев, Шығ.). Дана барда шындық жерде жатар ма, Соғыстарын көзбен көрген көптеген. Рузбехан т а р и х ы н д а: «Жаһанда Қазақтардан батыр халық жоқ», – деген (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә). 2. п е д. Қоғамның даму барысы туралы ғылыми пән. Мұғалім т а р и х сабақтарында оқушылар белсенділігін арттыруды көздеп, қосымша материалдарды жиі пайдаланады («Қазақст. мект.»). Бізге жаңа оқытушы келді дегенді есіттік. Аты – Қайсар көрінеді, т а р и х т а н сабақ береді (М.Қаназов, Сонар). Үйде оқулықтарды ақтарып отырып, т а р и х т ы ң ішінен Нағиманың маған жазған хатын көрдім (М.Дүзенов, Ақәже). 3. а у ы с. Бір нәрсенің жайжапсары туралы жүйелі, ұзақ әңгіме. Олардың өздеріне ғана тән ерекшеліктері, ірілі-ұсақты т а р и х ы, жақсылы-жаманды оқиға, аңыз-әңгімелері болатын (Ә.Сараев, Бозқырау). Айтпасына қоймаған соң, ол сәтсіз махаббатының т а р и х ы н есіне түсірді (А.Жақсыбаев, Менің дос.).