ТАРИХИ ЖЫР

lat: TARIHI JYR

Қазақ фольклорындағы аса бай эпикалық жанрлардың бірі. Шығу тегі мен дамуы жөнінде әр түрлі пікірлер бар. Кейбір зерттеушілер батырлық жырдың кейінгі дәуірлердегі үлгісі десе, екінші біреулері оған тарихи өлеңнің циклдену процесінен туған жанр деп қарайды. Көп еңбектерде Т. Ж-дың негізгі ерекшелігі ретінде оның белгілі тарихи оқиғаларға байланысты туатыны атап көрсетіледі. Бірақ батырлар жырында да тарихи негіз болатыны белгілі. Т. Ж.дың ерекшелігі нақтылы тарихи оқиғаларға, тарихи адамдарға қатыстылығында ғана емес. Қай жанр болмасын, қоғам дамуының әртүрлі кезеңдеріндегі тарихи-эстетикалық сұраныстарға орай туады. Батырлық жырлар дамудың рулық, тайпалық дәуіріне лайықты мұқтаждықтарды қанағаттандырды. Т. Ж. жанры жаңа кезеңнің халық болып қалыптасқан түстың тарихи-әлеуметтік, қоғамдық-саяси бет-бедерін көркемдік тұрғыда қорытып бейнелеуге тиіс еді. Сол себепті біз қазақ Т. Ж. дегенде XV ғасырдан ерте дәуірлерде туған шығармалар жөнінде айта алмаймыз. Т. Ж. жанрында рулық, тайпалық мақсаттар қағаберіс қалып, жалпыхалықтық мемлекеттік мүдделер басты сипат алады. Батырлар жыры мен Т. Ж.дың атқарған міндеті, тақырыбы идеясы жағынан күрделі айырмашылықтарымен бірге, көркемдік жүйесінде сюжеттік, композиялық құрылысымен тіл кестесінде де өзгешеліктер мол болады. Айталық, ғайыптан туу, жұбай іздеу, алдын ала құда түсу сияқты мотивтер батырлық жырларда болғанмен, Т. Ж. жанрында кездеспейді, сондай-ақ батырлық жырдың аса күшті көркемдік құралы гипербола Т. Ж.да мүлдем әлсірейді т.б. Қазақ Т. Ж.ның басым көпшілігі XVIII ғасырдың, аласапыран, қиынқыстау кездеріндегі күрделі уақиғаларды суреттеуге арналған. Ең көрнектілері: «Қаракерей Қабанбай батыр», «Бөгенбай батыр», «Өтеген», «Райымбек», «Бердікқожа батыр», «Төрт батыр» т.б. XIX ғасырдағы ұлтазаттық бостандық жолындағыкүрес пен XX ғасырдың басындағы халық көтерілісін бейнелейтін шығармалар да бірталай. Абылқасымов Б.