Текті

lat: TEKTİ

с ы н. 1. Шыққан тегі бір, нәсілдес.

Сәкеннің қарашығы үлкен, кірпігі ұзын көзі дөңгеленіңкірей біткен, қастары қалың, бет сүйегі шығыңқылау болғанмен, келбеті моңғол тектілерден гөрі Кавказ тектілерге ұқсаңқырайды (С.Мұқанов, Есею жыл.).

Ақырында бұл медресе де бұрынғы қазақ тектілер секілді әулиелік сатып жүрген сарт пен қожаның пайдасына қалмай ма? Мұны да ойларға керек (М.Дулатов, Шығ.).

2. Тұқымы бір, тұқымдас.

Ол қой,ешкі текті малдардың жаңа тұқымдарын өсіру жолындағы ғылымның докторы (С.Бегалин, Уақыт.).

3. Тегі, шыққан жері жақсы (кісі).

Қыз іздесең, қалың бер, Мұным ақыл болмай ма, Көріп алсаң көріктіні, Таңдап алсаң тектіні, Сонда да көңіл толмай ма? (Абай, Тол. жин.).

Бәсекеге аталы ауылдардың бәрі де ит қосыпты, мынауы былай, анауы олай дейтін ештеңесі жоқ, шетінен текті ауыл (Ә.Кекілбаев, Дала.).