ТЕРМЕ

lat: TERME

Қазақ халық поэзиясында қалыптасқан лирикалық өлең түрі. Ғибраттылық мәні бар моральдық идеялар тұрғысынан әр нәрсені теріп айтып, бір нәрседен екінші нәрсеге еркін ауысып отыру термеге айырықша тән қасиет. Ол нақыл сөз үлгісінде құрылып, әдетте өнегелі, нұсқалы сөздердің тізбегіндей болып келеді. Ырғақтың құрылыс жағынан жетісегіз буынды жыр үлгісінде айтылады. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында жедел қарқынмен дами бастады. Кеңес дәуірінде терме жанрында туған шығармалар мол. Пішіні мен мазмұны толғауға біршама жақын. Толғауда қоғамдық әлеуметтік сарындар басым болса, термеде көбіне күнделікті тұрмыс тіршілікке қатысты жәйттер сөз болады. Термеде сөз бен әуен сабақтасып келгендіктен, ол синкретті өнерге жатады. Сөздің мағынасы, әсерлігі, ырғағы ширақ келуі қандай маңызды болса, әуеннің, аспаптық (домбыра) сүйемелдің де үлкен мәні бар. Терме сөзді айқын, анық жеткізуге ылайық қысқа қайырылатын, жеңіл, желдірмелі әуенмен (регитатив) айтылады. Терме, термелеп айту дегеннің өзі жырды өлеңді жеңіл әуенменайту, орындау тәсілін де көрсетеді. Осы кеңірек мағынасында термелеп айтқан жыр, өлең (дастан да) термешілік өнер қатарында қаралады. Терме қазақпенқатар, қарақалпақ, қырғыз, өзбек халық творчествосында да тарихи орны бар жанр. Қазақстанның батыс аймағы мен Сыр бойында терме дәстүрі әсіресе мол дамыған. Халықтың дәстүрлер негізінде қазіргі кезде терме айту өнері қайтадан жаңғырып, жандана түсті. Термешілдік өнердің кең құлаш жаюына теледидар, радио, ақындар айтысының өткізілуі зор мүмкіндік туғызып отыр. Абылқасымов Б.