ТОПОНИМДЕР, жер-су аттары, географиялық атаулар-

lat: TOPONIMDER, jer-sý attary, geografıalyq ataýlar

ономастиканың көлемді бөлімі; география, тарих, тіл білімі ғылымдарымен байланысты дамиды. Тіл білімі тұрғысынан алғанда, Т. жер-су аттарының шығу тарихын этимологиясын, құрамын, дамуын, мағынасын, жазылуын, екінші бір тілге берілуін зерттейді. Жер-су аттарының құрамы мен этимологиясын зерттеу арқылы белгілі бір аймақта қандай тайпалар, халықтар мекендегенін, тарихын айқындайды, әр дәуірде топонимдер бар екенін дәлелдейді.Роман-эпопеяда 250-дей географиялық атаулар кездеседі. Жазушы оларды кейіпкерлерге байланысты, ру-тайпаларға, олардың мекен-жайларына қатысты атайды. Мысалы, Семейде үш жыл оқып, туған жерін сағынып келе жатқан Абайға таныс мекендердің атын атаса, Құнанбай аулының көшіп-қонатын қыстауларын - Жидебай, Мұсақұл, Шүйгінсу, Ақбайтал, Көлденең, Жігітек, Шатқалаң, Бөкенші, Шыңғыс т.б. сияқты жерлерді баяндап кетеді. Ал Әбдірахманның тағдырына қатысты Петербург, Түмен, Алматы (Верный), Кавказды еске салады. Павловты суреттегенде Ресей қалаларын - Тобыл, Харьков, Сібір, Омбы және Семей жерлері еске алынады. «Осы қоныстан Өртеңнің төсі дейтін биік кішілеу күзектен айнала кең дүние мол ашылып, аса жақсы көрінуші еді. Абай ұзақ аяңдап, баяу басып, көп жүріп кеп, биікшеге шықты. Сол жақта күншығыста Орда тауы, Тоқымтыққан, Боқай дейтін көкшіл мұнарға оралған қонырқай таулар көрінеді. Көкжиегі көрінбей кеткен кілегей мұнар ішінде Арқат тауы, Байжантасы байқалады. Шыңғыстың сондай беліне қараған бөліктері алыстағы Бөрілі, Қан, Қараша қойтасы, аты жақсы Түйеөркеш, Тоқпамбет, содан бертінде Қыдыр қатпар-қатпар қалыптарымен көлденең түсіп, көлбеп жатыр. Осы мол сардаланың жап-жазық бетінде Шұнай, Доғалаң, Орда сияқты таулар бір сәтте Абай көзіне тау емес, әлдебір ғажайып алыс кеме тәрізденіп кетеді» деп, автор жер аттарын ақынның көңіл-күйімен салыстыра баяндайды. Романдағы географиялық атаулар түгелдей қазақша, осыған қарап, кейін орысшаға ауысып кеткен елді мекендердің түпкі атауын аңғару қиын емес.