lat: TOQSAN
з а т. 1. э т н. Халықтың күнтізбе бойынша жылдың үш-үш айға бөлінген мезгілі.
Қайырсақ та сазда өтер, Қаңқылдаған қаз да өтер, Үш ай тоқсан жаз да өтер. Ақ бетіне қан құйған, Орамалын дәл құйған, Ерініне бал құйған, Қылықты туған қыз да өтер (Шал ақын, Өлеңд.).
Күз тоқсан қыстың маусымы Үдере тартсаң азбайтын, Айсыз түнде адассаң, Аулыңнан жазбайтын Аударып алды тарланды (Дулат Бабатайұлы, Замана.).
2. Шаруашылық жылының төрттен бір бөлігі.
Бұлардың барлығына жұмсалатын шығын мөлшері белгіленген және әр тоқсанға бөлінген өнім өндірудің заттай, ақшадай мөлшері көрсетіліп, өндіріс-финастық тапсырма беріледі (С.Ғабдуллин, Өрлеу.).
Тоқсан қорытындысы туралы директор не совхоздың бас мамандарының бірі баяндама жасайды (Ш.Есмұрзаев, Ильич.).
3. п е д. Оқу-ағарту жүйесіндегі оқу жылының төрттен бір ширегі.
– Оны әуелі мына сіздерден сұрау керек. Мен бұл балаларды бір тоқсан ғана оқытсам, сіздер жылдап оқытып келесіздер (Б.Соқпақбаев, Өлгендер.).
Ұзамай Ұлы Октябрь мерекесі болып өтті де, екінші тоқсанның алғашқы оқу күні басталды (З.Шүкіров, Ғажайып.).