lat: TUŃǴIYQ
сын. 1 . Өте терең (су).
Оралдым тұңғиықтан батып барып,
Одан да әкелмедім бақыт тауып.
Қасымнан – жер бетінен таптым сені,
Жайына бақыт қалып, жаһұт қалып (2,218).
Там-тұм дөңестеу келген қабағының астында түпсіз, терең, тұңғиық көл жатқандай (4,150).
2 . Түбі жоқ, түпсіз (аспан).
Тұңғиық, түпсіз көк аспан
Жайымен ғана жатыр сұлық.
Керуендей адасқан
Келеді жылжып бір топ бұлт (1,8).
Безінем одан, көрмедім оны, бармадым,
Бәрі де сұлу, сұлулық толық жан-жағым.
Қарағай шырша, қапталдан құлай қаулауын.
Тұңғиық көкте қыранның қара самғауын (1,256).
3 . ауыс. Ойдың, көңілдің түкпірінде жатқан.
Осындай шытырман ойдың тұңғиығында қалған ол қос жанарынан қалай жас аққанын да білмей қалды (4,149).
Адам жаны – күрделі, Адам сезімі – тұңғиық. Оның тереңіне бойлау үшін ақын суреткер болуға тиіс (4,251).