ТВОРЧЕСТВОЛЫҚ ҚИЯЛ

lat: TVORCHESTVOLYQ Qıal

Бұл әр адамның өз жағынан іс-әрекеттің әр саласында соны жаңа бейнелер жасау. Қабілетті жазушының, ақынның, суретшінің, композитордың, ғалымның т.б. қиялы, осыған жақсы мысал. Творчестволық қиял тек зиялы қауымға тән қасиет емес. Ол іс-әрекеттің сан алуан түріне байланысты нәтиже беретін (рационализатор жұмысшы мен шаруа, олимпиадаға қатысатын оқушы мен студент, ғарышкер-ұшқыш т.б.) адамдардың бәрінде кездесетін құбылыс.

Творчестволық қиял қайта жасау қиялына қарағанда әрі қиын, әрі күрделі. Мәселен, Абай мен Құнанбайдың көркем бейнелерін жасау, оларды жәй сипаттап жазған шығармадан (қайта жасау қиялы) әлде қайда ауыр. Қиялдың осы түрі өнер қайраткерлерінің іс-әрекеттерінде үлкен орын алады. Орыс сахнасының майталманы К.С.Станиславский бұл жөнінде былай деп жазды: «Артистің көкірегінде өзі бейнелеп тұрған адамның ой-толғаныстары туғанда ғана шынайы өнер туады, нағыз жанды сезім еш уақытта зорлағаннан, қолдан жасағаннан келмейді», дейді. Мәселен, Чехов спектакліндегі Раневскаяның ролін орындаушы Ольга Книппер Чехова шие бағын сатады деп хабарлағанда шын көңілімен көзіне жас алады екен.

Мұндайда актер сахнада ойдан шығарылған нәрсеге шындықтың өзіндегідей көзқараспен қарайды. Бұл творчестволық қиялы өте бай адамның қолынан келетін қасиет. Ақын-жазушылар қиялы арқылы өзінің келешек кейіпкерлерін «көреді», олардың мінез-құлықтарын «елестетеді», сөзін «естиді». Сонымен қатар, ақын-жазушылар өз кейіпкерлерімен бірге өмір сүреді, олардың ойын, көңіл күйін «сезіп», қоян қолтық араласып жүргендей болады. Мысалы, француз жазушысы О.Бальзак егер жеңі жыртық біреудің көшеде кетіп бара жатқанын көрсе, өзін сол адамға ұқсататындығы соншалық, өз жеңім де жыртық емес пе екен деп, еріксіз өз жеңіне қолын жүгіртіп, тесікті жаппақшы болады екен. Байқағыштық, жеке өмірдің эмоциялық байлығы, алдын ала орасан зор жұмыстар істей білуге қабілеттілік (мәселен, Л.Толстойдың айтуынша, «Соғыс және бейбітшілік» романын жазу үшін жинаған материалдары «бүкіл бір кітапхана» болған) адамның твочестволық қиялының самғауына күшті әсер етеді. Өмірден түйгені шамалы, творчестволық қиялы жетілмеген адамнан жақсы ақын шығуы мүмкін емес. Абай мұны өте дұрыс көре білген.

«Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы...

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы. Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын Қазақтың келістірер қай баласы?». Бұл өлеңіне Абай «қиыннан қиыстырар», «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп», «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» секілді сөз тіркестері арқылы өздігінен жаңа туындылар бере алатын нағыз майталман ақындардың психологиясын, олардың творчестволық қиялындағы ерекшеліктерді көрсетіп отыр. Ғалым үшін де творчестволық қиял аса қажет. Творчестволық қиял ғалымның творчестволық ойына аса қажетті материал береді. Мәселен, ғылыми жорамал жасағанда, эксперимент жұмысын ұйымдастырғанда, тапқан жаңалықтарды тексеріп сынауда ғалым өз қиялына үнемі сүйеніп отырады. Бірақ нағыз ғылыми жұмыс көп еңбектенуді қажет етеді ол еріккеннің ермегі емес, ғылымның жолы ауыр. Қажымай, талмай өнімді еңбек ете білушілік, шыдамдылық, іске мейлінше берілушілік нағыз ғалымға тән қасиеттер.