көлденең жолақтары жоқ, жекелеген клеткалардан тұратын жиырылғыш ұлпа. Омыртқасыздарда (буынаяқтылардан, кейбір моллюскалар өкілдерінен басқа) тегіс бұлшықет барлық дене бұлшық етін түзеді, ал омыртқалыларда ішкі мүшелер мен көптеген бездердің қабығының құрамына кіреді. Омыртқасыздардың тегіс бұлшықет клеткалары (тегіс миоциттер) пішіні жəне құрылысы бойынша əртүрлі болады; ал омыртқалыларда пішіні ұршық тəрізді, таяқша тəрізді ядросы бар, ұзындығы 50-250 мкм, екіқабат сүтқоректілер жатырында 500 мкм дейін барады; сарколемма деп аталатын қабықшасы болады, оны талшықты дəнекер ұлпасы қоршап, тығыз футляр тəрізді құрылым түзеді. Жиырғыш материалы (миофиламенттер немесе протофибриллдер) саркоплазмада оқшауланып орналасады. Тегіс бұлшықетте актин, миозин, тропомиозин деп аталатын жиырғыш белоктардың үш түрі де кездеседі. Көлденең жолақты бұлшықеттен тегіс бұлшықеттің ерекшелігі жай жиырылуында, жиырылу күйін ұзақ сақтауға қабілетті, энергияны аз жұмсағанмен қажымайды, шаршамайды. Тегіс бұлшықеттердің қозғалу иннервациясын вегетативті жүйке жүйесінің клетка өсінділері, сезімталдылығын – арқа ганглий клеткаларының өсінділері қамтамасыз етеді.