ТЕКСТОЛОГИЯ

lat: Tekstologıa

(лат. textus және грек. logos сөз, ғылым) филологияның шығарма текстінің анық-қанығын сақталған қолжазбасымен, түпкі нұсқасымен салыстырып тексеретін, жариялайтын саласы. Текстология дербес ғылым тарауы ретінде 1917 жылдан кейін ғана библиографиядан бөлініп шығып, методологиялық тұрғыдан танылды. Белгілі бір көркем шығарманың тарихын анықтау үшін тексеру тәсілдерін қарастырады, түпнұсқаны айқындау мақсатында зерттеп, екшеуден өткізеді, қосымша нұсқаларды, басылымдарды қарайды. Бұның бәрі де зерттеушілер үшін өте қажет. Текстология бұрын тек текстерді тексеріп, жарыққа шығару үшін пайдаланылатын еді. Текстология ілімінің ірі мамандарының бірі Д.С. Лихачев текстерді жарыққа шығару оны практикада қолданудың бір саласы ғана деп таныды. Текстология библиографиямен, түпнұсқа туралы іліммен, палеографиямен, археографиямен байланысты, творчествоның психологиясын зерттеуге сүйенеді, әдебиеттанудың бір тарауы боп саналады. Қазақ әдебиеттану ғылымында жеке сала болып революциядан кейін қалыптасты. Текстологияның негізгі міндеті автор тексінің нағыз, дәл нұсқасын анықтап, ешбір қоспасыз, қатесіз жариялау. Кейде текстология «автор еркіндігі» деген ұғымменде санасады, мұнда көп мән бар, өйткені «автор еркіндігі» автордың самарқау баяулығынан анағұрлым биіктеу тұр. Қазақ әдебиеттану ғылымында текстология әлі бұғанасы қатпаған жас ғылым.Қазіргі әдебиетімізде зерттеушіге бұл ғылымның әліппесі өте қажет. Текстология табиғатын, мән жайын кешегі бүгінгісін, ертеңін түсіндіретін аударма окулық, кітап жоқ... Арғы-бергі ақын жыраулар мен Абай, Әуезов секілді классиктеріміздің бүтінгі қазақ жазушылары шығармаларының текстерін салыстыру, зерттеу, текстін ғылыми аппаратын жасау күн тәртібінен түспейтін мәселе.