он алтыншы жылы көтерілістің Торғай уезіндегі құрамдас бөлігі. Көтеріліс бастапқыда Қайдауыл, Аққұм, Қараторғай, Сарыторғай, Қарақопа болыстарында және Тосын, Майқарау, Сарықопа, Наурызым, 2-Наурызым болыстарында Ресей патшасының 25 маусымдағы жарлығына мойынсұнбау, болыс басшыларына, тыл жұмысына алынатындардың тізімін жасаушыларға қысым көрсету түрінде жүрді. Торғай көтерілісінің екпін алуы барысында Әбдіғапар Жанбосынұлы қыпшақ көтерілісшілерінің ханы болды. Кейіннен 13 болыс өкілдерінің Жалдама өзенінің бойында өткен құрылтайында Жанбосынұлы Торғай уезі қазақтарының ханы, А.Үдербайұлы көтерілісшілердің сардарбегі (бас қолбасшы) болып сайланды. 50 мыңнан астам адамнан тұратын көтерілісшілердің ондықтарға, жүздіктерге және мыңдықтарға бөлінген әскери жасақ құрылды. К.Көкембайұлы бастаған арнаулы мергендер тобы құрылды. Әскери кеңес көтерілісшілерді азық-түлікпен, атпен қамтамасыз етуді, ұстаханаларда қолдан мылтық, қылыш, қанжар, семсер т.б. жасауды ұйымдастырды. 22 қазанда 15 мың адамнан тұратын көтерілісшілер жасағы Торғай қаласын қоршады. Қоршаудағыларға көмекке генерал А.Лаврентьевтің жазалаушылар отряды қалаға қарай үш бағытта келе жатты. Жазалаушылардың жақындап қалғаны туралы мәлімет алған көтерілісшілер патша әскеріне қарсы қозғалды. Көтерілісшілер адам шығынына ұшырамау мақсатында Батпаққара өңіріне өтіп кетті. Патша өкіметі Торғай көтерілісін басу үшін жаңадан әскер қосты. Көтерісшілер мен жазалаушылар арасында Татырда, Ақшығанақта, Күйікте шайқастар болды. Көтеріліс нәтижесінде патша өкіметінің Торғай уезінен қара жұмысқа адам алу жоспары орындалмай қалды.