Ұял

lat: Uıal

е т. 1. Бетінен оты шығып қызару.

Бұқарбай анадай жерде жылап тұрды. Осындай қорлыққа түсірген өзінің ақымақтығына ұялып тұрды (М.Жұмабаев, Шығ.).

Кейбіреу қолдан келмес істі ойлайды, мақсаты оныменен тұс болмайды. Ұялған тек тұрмайды деген рас, Қап, бәлем, тоқтай тұрмен жұртты алдайды (А.Байтұрсынов, Шығ.).

Адамның адал ісін арам етер Ұялмас ардан кеткен зұлымдылар. Кей адам көзге былай, сыртқа былай, Жоқ емес іш ақтарар жырындылар (Қабан жырау, Алтын қазық).

2. Қысылу, қымтырылу.

Жығылып үш ұмтылдым тұрайын деп, Ішіме қорқу түсті уайым жеп. Ұялдым сақалымнан көп ішінде, Артынан балаларша жылайын деп (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

Алпыс деген шуақ күзде тың алаң, Қыран жасы құс ілетін қиядан. Сексендегі ағаларды көргенде Өз жасымды айтуға да ұялам (К.Салықов, Жезкиік).

Дүрсілі жүрегімнің басылмады. Көп тұрдым кеткендей боп салы суға. Ұялдым өзге жұрттан қасымдағы, Өзіңе жақын барып танысуға (М.Шаханов, Ғасырлар.).

3. Жүрексіну, батылы бармау.

Дедім, іштей бір өксіп, Сөзімді оған тыңдатпай, Әлде ұялып, жүрексіп Тұрды байғұс үн қатпай (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

4. Қорқу, тайсалу.

Ғаділет, шапағат жоқ жүрегіңде, Адамға ерік бермес өңшең қыртың. Жақсылар залымдарды тыя алмай жүр, Құдайдан залым қорқып, ұялмай жүр (Ә.Найманбаев, Шығ.).

Көшкенде көлік бар ма түйе алдында. Еруде сауын бар ма бие алдында. Өз ерін сыйламаған арсыз келін, Біз түгіл құдайынан ұялды ма? (Шал ақын, Өлеңд.).

5. Арлану, намыстану.

Ақыл керек, іс керек, мінез керек, Ер ұялар іс қылмас қатын зерек. Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез, Жыртаң-жыртаң қызылдан шығады ерек (Абай, Тол. жин.).

Алыс пенен жақынның Арсызы үшін ұялған... Семіргенін ақынның, Мен жақсылық дей алман (Қ.Мырзалиев, Мәңгі Майдан).

6. Әдеп сақтау.

Ұяламын дегені көңіл үшін, Ұсақ қулық бір ғана өмір үшін. Татымды достық та жоқ, қастық та жоқ, жігері жоқ маңызы жеңіл үшін. Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар, Жаңа сүйгіш адамзат, көрсе қызар. Ар мен ұят ойланбай, тәнін асырап, Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар (Абай, Тол. жин.)