lat: Uıqy
з а т. 1. Адам мен кейбір жануарлардың тынығып дем алуы үшін, белгілі бір мерзімде қайталанып отыратын физиологиялық жағдайы.
Өмір деген – ұйқы ғой, Түс көргізбей қоя ма? Қиын-қызық, әртүрлі ой Іс көргізбей қоя ма? (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).
Уды жуып үлгіру үшін біраз уақыт у шығаруды тоқтату керек. Мидағы хужайларға тыныс беру керек, миға демалыс беру керек. Ұйқы деген – мидың дем алуы. (Х.Досмұхамедов, Таңд.).
2. а у ы с. Қараңғылық, сауатсыздық.
Тәңірінің күні жарқырап, Ұйқыдан көңіл ашар көз. Қуатты ойдан бас құрап, Еркеленіп шығар сөз (Абай, Тол. жин.).
3. а у ы с. Өлім.
Бейкүнә зорлықпенен шыққан жаным, бейіске басшы болар деме, залым! Суық қабыр – қараңғы ұйқы орны ғой, Оңай ма жас өмірден айрылғаным? (Абай, Тол. жин.).