Ұғым

lat: Uǵym

з а т. 1. Түсінік, мағлұмат, пайым.

Махаббат әуелі адамның адамдығы, ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себепкер әуелі хауас сәлим һәм тән саулық, бұлар туысынан болады, қалмысы жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады (Абай, Тол. жин.).

Бақытын жаста аңсаған көзі көрді, Жетпісте кетті түлеп кәрі жүзі. Жүректе тұлғасы орнап суреттей, Құлақта терең ұғым қалды сөзі (О.Шипин, Дастан.).

2. Мән, мағына, маңыз.

Бір заттың ұғымын ойлағанда, сол заттың сыны заттың өзімен бірге, яғни зат сынымен қосылып, бір зат болып ойланады (М.Жұмабаев, Шығ.).

«Халің қалай»? Онда қанша бар ұғым, Жолдарыңа түсіреді жарығын. ...Ағалардың амандығын, саулығын, Сұрай жүрші, біле жүрші, бауырым (Т.Қызықбаев,Парыз).

3. ф и л о с. Заттар мен құбылыстардың мәнін байланыстарын олардың қарамаайшылығы мен даму процесін бейнелейтін ой жүйесі; белгілі бір тұтастықтағы заттардың ішкі байланысын, оларға тән ортақ ерекшеліктерді көрсететін теориялық танымның формасы.

Ұғым заттардың жалпылық қасиеттерін ғана қарастырып қоймай, олардың жекелік сипаттарын да анықтайды. Белгілер мен қатынастар ұғымның жалпы және ерекше белгілері ретінде көрініп, ұғымның зат пен құбылыс арасындағы байланысын айқындайды (ҚҰЭ)

Ұғым адамның танымдық қасиетімен байланысты түсініктен басталады (Тіл білімі).