(французша nathionalifi me . латын тілінен паtio ,) – түп бастауында адамдардың өз ұлтының (этносының) құндылықтарына берілгендігін, өз этносының мүдделерінің басқа этнос мүдделерінен бірінші тұратындығы туралы түсінікті тірек ететін идеология мен топтық мінез-құлықты білдіретін ұғым. Ұлтшылдықтың психологиялық негізін этноцентризм құрайды. Негізінде, ұлтшылдық өз ұлтына берілу мен адалдықты, саяси тəуелсіздік пен өз халқының игілігіне қызмет етуді, мəдени жəне рухани дамуды, ұлттың өмір сүру жағдайын, мекен ететін аумағын, экономикалық қорлары мен рухани құндылықтарын іс жүзінде қорғау үшін ұлттық сананы біріктіруді насихаттайды. Ол патриотизм тектес ұлттық сезімге сүйенеді. Бұл идеология қоғамның түрлі топтарын біріктіруге ұмтылып, топтық қарама-қайшы мүдделерге қарамастан экономиканың, саясаттың, мəдениеттің қазіргі заманғы формаларына өту кезеңінде ортақ саяси мақсаттар үшін түрлі этностардан тұратын халықты жұмылдыра алды. «Ұлтшылдық» термині Франциядағы Ұлы революция дəуірінде өз ұлтына қатыстылық сезімін білдіру үшін пайда болды. Алғашқыда Ұлтшылдық идеологиясы ұлтты біріктіріп нығайтуға бағытталғандықтан, ұнамды мəнге ие болған. ХІХ ғасырда Еуропада Ұлтшылдық өркендеуінен Италия мен Германия сияқты ұлт-мемлекеттер пайда болды. Бұл елдердің халқын итальяндық не немістер деп бөліп қарамай, қандай да бір патшаның, монархтың құзырындағы халық деп қарағанға көнбейінше бұлардың бірігуі де мүмкін емес еді. Оның үстіне, мемлекеттердің саяси заңдылығын ұлтшылдық «отандастар» іске асыратын өзінөзі басқарумен ғана байланыстырды. Бірақ ХІХ ғасырдың аяғында-ақ көптеген теоретиктер Ұлтшылдық құлдырауға бет алып келе жатқанын жəне оның орнына интернационализм мен космополитизм идеологияларының келетіндігі туралы айтқан болатын. Бұл болжамдарды Ұлтшылдық қағидатына сай жүргізілген бірінші дүниежүзілік соғыс жоққа шығарды. Нəтижесінде Ұлтшылдық үшінші əлем елдерінің өзін-өзі билеуі жолында күресетін антиимпериалистік қозғалысқа қосылды. Ұлтшылдық тəуелсіздік үшін, өз мемлекеті жоқ халықтың ұлттық өзін-өзі басқаруы үшін күрес барысында немесе халықты мемлекетінен айыру, оны жаулап алуға қауіп төндірген сыртқы жаумен күрес барысында дамиды. Осы себептен ұлттық идеялар мен сезімдер ұнамды рөл атқарып, алда тұрған міндеттерді шешуге қоғамдық күштерді жұмылдыратын патриотизмнің бір түрі ретінде ықпал ететіндіктен, тарих мұны ақтап шығады. Өзінің этностық қасиеттерін «ең үздік», «күмəнсіз артықшылық» деп тану – сол ұлттанмын дейтіндердің санасындағы ауытқушылық. Жеке тұлғалар арасындағы жəне топ деңгейіндегі Ұлтшылдық этностық ұнатушылық пен жаратапаушылық, артық көрушілік ұлттық психологияның басқа көріністерінен байқалады. Саяси доктрина ретіндегі Ұлтшылдық идеологтары қоғамдық байланыстардың басты түрі – ұлттық байланыстар, ал тарихтың басты субъектісі адамдардың тірлік үшін бір-бірімен айқасатын я бірлесе қимылдайтын ұлттық (этностық) қауымдастықтары деп санайды. Ұлтшылдық стихиялы түрде пайда болады, сондай-ақ белгілі бір мақсатқа жету үшін қоғамдық санамен «ойнаушылардың» əрекетінің арқасында əдейі болуы да мүмкін. Ұлтшылдық белгілі бір ұлт өкілдерінің əлеуметтік басымдықты тартып алуға, басқа ұлттық топтардан артықшылығын нықтауға ұмтылған қозғалысқа ұласуға бейім болып келеді. Бірақ қандай жағдайда болсын ол иррационалды психикалық үдерістердің себебінен келіп шығады, ал мұндай үдерістерге өзінің этностық қауымдастығын сынамай күмəнсіз қабылдау тəн екендігі белгілі. Мұндайда Ұлтшылдық сол қоғамның жетекші идеясы ұлттық идея деп танып, осы идеяның нақты мазмұнына қарай кейде шовинизм мен нəсілшілдікке ұласып кетеді. Радикалды қозғалыстардың көбі өзінің ұлттық бейнесін алға тарта беруі себепті Ұлтшылдық көбінесе этностық, мəдени жəне діни төзімсіздікпен немесе басқа ұлттарды жек көрудің кез келген көрінісімен астасып кетеді. Қандай да бір қоғамдастықта бірыңғай тұрса да этностардың шовинистік жəне нəсілшілдік көзқарастарды сөзсіз қолдауы – іс жүзінде сирек болатын жағдай. Алайда мұның бəрі нақты саяси ахуалдың əуеніне қарай болады. Мұндай төзімсіздік Ұлтшылдық ұстамды ағымды жақтаушылар тарапынан көбінесе айыпталып жатады. ХХ ғасырдың екінші жартысында дүние жүзі елдерінің көбінде Ұлтшылдық пайда болды. Əрине, бəрі бірдей болған жоқ, алуан түрлі сипатта болды. Бір жағдайда, Батыс Еуропадағы сияқты, интеграциялық үдерістерге, мемлекеттер арасындағы шекараларды өшіруге қарсылық ретінде пайда болды; өйткені өңірлердегі халықтардың ұлттық дербестігінің, мəдениетінің, дəстүрлерінің сақталуына қауіп төнуінен қорғанды. Теріс мазмұндағы ұлтшылдық өзінің ұлттық өзгешелігін басқа ұлттардың ерекшелігімен субъективті түрді қарама-қарсы қою мен жасанды түрде ұлғайтудан басталады. Мұндайда, əдетте, өз ұлтына тарихи ерекше артықшылық таңылады, жұртты осындай өзгеше қасиет үшін қызмет етуге шақырады, басқа ұлттың мүдделері бұл жерде еленбейді, оларды, тіпті, түрлі жолмен кемсітуге дейін жол беріледі. Басқыншы Ұлтшылдық ұлттық дүрдараздықты қоздырудан, бір ел ішіндегі ұлттар арасына дұшпандық енгізуден, бір елдің халқын келесі бір елдің халқымен арандатудан көрінеді. Жəне əдеттегідей, біреулердің ұлтшылдығы екінші біреулердің ұлтшылдығын оятады. Мұндайда Ұлтшылдық қарсы жауап ретіндегі əрекет болады, мұндай əрекет «сақтану» ұлтшылдығы немесе «қорғанысты» ұлтшылдық деп аталады. БАҚ-та көбінесе этноұлтшылдықты, əсіресе бір ұлттың басқа ұлттан артықшылығына ден қоятын шектен тыс түрлерін (шовинизм, ксенофобия т.б.), «ұлтшылдық» деп атап жүр. Барып тұрған Ұлтшылдық көптеген көріністері, ұлтаралық дүрдараздықты қоздыру мен этностық кемсітушілік халықаралық құқықты бұзғандық болып есептеледі. Ұлтшылдық отанға деген, отандастарға деген сүйіспеншілік патриотизмді шатыстыруға болмайды. Кімде-кім өз елін сүйсе, бұл міндетті түрде оны Тəңірге балап, мемлекет басшылары мен билеуші элитаға табыну деген сөз емес. Азамат басқа елді, басқа халықты жек көруге, тіпті елемеуге тиісті емес. Ол, ұлтшылдықта талап етілетіндей, ұлтты «ең жоғарғы құндылық» деп санауға тіптен міндетті емес (қар. Қақтығыс, Ксенофобия, Патриотизм, Нəсілшілдік, Шовинизм).