ҰЛТТАР ТЕОРИЯСЫ

lat: ULTTAR TeorıaSY

( латынша «natio » – тұқым, тек, тайпа, шығу тегі, тумысы ,). Цицерон сөздерінде «natio» қияндағы жəне «варвар» халықтар деген ұғымда қолданылған. Бұл сөз ортағасырлық университеттерде кеңінен қолданылған екен. Париж университетінде 1220 жылдың өзінде-ақ «Франция ұлты», «Пикардия ұлты», «Нормандия ұлты» деген «ұлттар» болған. Ұлттар проблемасы бойынша теориялар көп. Оларды негізгі деген бірнеше бағыттарға ажыратуға болады. Ал жалпы алғанда, қазіргі Ұ.т. идеалистік жəне тарихи-материалистік деп екі жікке бөлуге болады. Ұ.т. идеалистік маңызды бастауын «халық рухы» ұғымынан бажайлауға болады. Бұл ұғымды əзірлеген алдымен Гегель, сонан соң И.Г.Гердер болатын. Гегельдің түсіндіруінше, əр ұлт халық рухы дамуының ерекше сатысында тұрады. Ал «халық рухының» өзі бар болғаны «əлемдік рухтың» көрінісі ғана. Халық, ұлт рухани индивид ретінде «бір тұтастық» мемлекетке бірігеді де, халық рухының жалпыға ортақтығы мемлекетте өзінің болмысы мен пəрменділігіне ие болады. Этностың болуы ұлттың шығуының қажетті алғышарты болып табылады. Этнолог ғалым Михаил Тиводар ұлт – этнос дамуының мемлекеттілік, ұлттық-мемлекеттік атрибуттар, ұлттық санаменмəдениеттіжасаумен байланысты айрықша жағдайы, ұлт – саясиланған этностық деп түсіндіреді. Мұның пікірінше, Н.А.Бердяев ұлтты тарихи тағдыр бірлігі деп берген анықтамасы – басқаларына қарағанда анағұрлым айқын анықтама. Ұлттар туралы объективті теория деп аталатын теориялардың арасынан ұлт, ең алдымен, мəдениет ортақтығы, бұл ортақтық анағұрлым кең немесе анағұрлым тар ауқымды сипатта болуы мүмкін дейтін көзқарас кең тараған. Мұндай ұғымның негізін салушы деп Ф.И.Нейманды айтуға болады. Ол «Ұлт 41 халық» (1888 ж.) атты еңбегінде ұлтқа ел-жұрттың мəдени жетістіктер нəтижесінде ортақ өзіндік табиғатқа ие болатын үлкен топ ретінде анықтама береді. Мысалы, Армстронг: «Миф, рəміз, қатысым тəсілі мен мінез-құлық нормаларының белгілі бір жиыны материалдық факторлардан гөрі едəуір өміршең факторлар болып табылады», - деп жазады. Тілтанушылар мен антропологтардың еңбектеріне сүйенсек этностық топтың шекаралары «айрықшалау» немесе қарама-қарсы қою ұстанымы бойынша анықталады. Этностық топ өз шекараларын, ішкі өзара байланыстарын өздерінің ішкі қасиеттеріне сүйеніп қана емес, қайта, айрықшалау, «біз» жалпыланған бейнесін «біз емес», «басқалар», «олар» деген бейнемен қарама-қарсы қою əдісі арқылы анықтауға ұмтылады. Армстронг ұлттардың заманауилығын абсолюттендіруді теріске шығарады. Қазіргі ұлттардың жасақталу үдерісін этностық эволюцияның едəуір ұзақ үдерісін толайым білу арқылы ғана түсінуге болады, бұл үдерісте этностардың, этностық топтардың пайда болуы, құлауы мен қайта көтерілуі сияқты өткелектер мол. Бұл тұста ол этностықты (этностық сəйкестікті) қоғамдық ұйымның өзегі дегеннен гөрі, түрлі əрекеттестіктердің жиынтығы деп санауға болатынын атап көрсетеді. Этностық сəйкестік, өзіндік сана-сезім құрамының көбі өзгеруі мүмкін, ал миф пен рəміз-нышандар өзімен-өзі болып қала береді де, нақ осылар кейін ұлттық бірдейлестік пен ұлттың қалыптасуына себепші болады. Солай бола тұра, этностық эволюцияны қоғамның басқа факторларынан оқшау үдеріс ретінде қарауға болмайтыны - айқын жайт. Оның пікірінше, элиталық топтарда ғана таптық жəне тиісті этностық кедергілерді заңдастыруға қажетті коммуникативтік жəне іскерлік сапалар болады. Мəселен, өткен дəуірде үстем элита ғана тұтастай қоғамға ортақ мифтер мен рəміздерді қалыптастыруға əрі қорғауға қабілетті болған, бекзаттардың (элитаның) христиандық жəне мұсылмандық өркениеттегі қызметі осындай болды. Ұлттардың этнологиялық үш теориясын Энтони Смит пішімдеді. Ол ұлттың мынадай белгілерін ажыратады: «өзім» мен «бөтенді» айыруға мүмкіндік беретін ерекше мəдени сипаттар; тарихи мұра болып қалған ортақ аумақтың болуы; салыстырмалы түрде алғанда, жұрт санының көп болуы; басқа қоғамдастықтармен сыртқы саяси қатынастардың болуы; ортақ ұжымдық сезімнің болуы; түрлі азаматтық құқығы бар топқа барлығының тікелеймүше болуы; еңбек бөлінісінің ортақ жүйесі бар тік экономикалық ықпалдастықтың болуы. Ұлттар жөніндегі қазіргі теориялардағы белгілі бір шамадағы өзгерістер жоғарыда көрсетілген тұғырлар мен көзқарастардың шеңберінен алшақ кетпейді (қар. Ұлт, Этнос, Ұлттық мемлекеттілік).