lat: UMYTSHAQTYQQA QARSY KÚRES
Біздің әдейі немесе әлдеқалай жаттап алғанның барлығы бірдей мәңгі есімізде қала бермейді, көбін ұмытамыз.
Ұмытшақтық – біртіндеп дамитын, ұзақ процесс. Ұмытшақтыққа қарсы ойдағыдай күресу үшін мынадай негізгі ережелерді ескеру керек: 1)Ұмытшақтықпен күресте қолданылатып негізгі шара – қайталап отыру. Қайталап нығайтылмаған білімдердің қандайы болса да бірте-бірте ұмытылады;
2) Ұмытшақтық жаттағаннан соң-ақ кешікпей басталады, әсіресе бастапқы кезде тез ұмытыла бастайды. Егер жаттап алғаннан соң 5 және 10 күнней кейін еске түсіріп көрсе, бастапқы 5 күнде ұмытылғаны кейінгі бес күнде ұмытылғанынан едәуір артық болады;
3) Жатталған нәрсені ұмытып кеткең соң қайталау пайдасыз, ұмытпай тұрып қайталау керек. Орыс халқының белгілі педагогі және психологі Ушинскийдің айтуы бойынша «үйді құлаған соң оңдамай, үйдің негізін нығайтып отыру» керек. Ұмытпау үшін жеңіл-желпі пысықтаған жеткілікті, ал ұмытылғанды қайта жаңғыртуға көп жұмыс керек.
Екінші және үшінші пункттерде айтылғанды еске ала отырып, мынадай қорытынды жасауға болады: оқығаннан соң көп уақыт жібермей өткенді қайталау керек, өйткені жаттаған нәрсе жаттағанның соңынан іле-шала тез естен шығады. Жаттаған нәрсе жаттағанның соңынан іле-шала тез ұмытыла бастайды дедік.
Бірақ мұны әрқашан жаттап болысымен іле-шала ұмытыла бастайды деп ұғынбау керек. Тәжірибелерге қарағанда, жаттағанды жаңғырту кейде жаттай салысымен емес, арада бір-екі күн, кейде үш күндей өткеннен кейін толығырақ болатындығы байқалған. Бұл уақыттың ішінде жаттаған нәрсе ұмытылмай, қайта есте «беки» береді. Әсіресе, бұл кұбылыс көлемдірек материалды жаттап алу кезінде жақсы байқалады. И.П.Павлов өзінің тәжірибелерін жүргізуде осы сияқты кұбылыстарды кездестірген. Кейде өзінің жүргізген тәжірибесінің нәтижесі, сол тәжірибе біте салып көрінбей, әлдеқайда кейінірек барып көрінетін болған.
Мұндай жағдайды И.П.Павлов былайша түсіндіреді: өте ауыр мәселені шешерде осыған сәйкес адамның ми қабығы клеткалары шаршайды. Тек біраз уақыт өткеннен кейін, ми дем алғаннан кейін ғана, жүйке системасы болған нәтижені көре адады. Қайта жаңғыртудың жоғарыда айтылған ерекшелігі де жаттау процесінен пайда болған шаршау-шалдығудың жойылуынан деп жорамалдауға болады. Осыдан мынадай бір практикалық қорытынды туады: емтиханда немесе сабақта тек солардың алдында ғана, мәселен, сол күні таңертең біліп алған материалды ғана, бәрінен жақсы айтуға болады деп ойламау керек; біліп алған материал біраз уақыт «сүрленгенде» ғана жауап беру үшін едәуір жақсы жағдай туады.
Біліп алған материалды есте сақтау көбінесе оқылған материалдан кейін іле-шала істейтін жұмыс түріне байланысты. Кейде алдыңғы ойдың нәтижесін кейінгі әрекет «жуып-шайып» кетуі де мүмкін. Мысалы, тарих сабағын оқып болып, соның артынша әдебиет сабағын дайындаса, соңғы сабақ біліп алған тарих сабағының материалын адамның есінен ығыстырып шығуы мүмкін.
Осындай теріс әрекеттер ұқсас материалдар бірінен соң бірі қатарласып отырғанда ерекше күшті болады. Осылардан мынадай практикалық корытындылар жасауымызға болады: 1.Бір материалды оқып біліп алғаннан соң екінші материалға шешуде әрдайым 5-10 минут үзіліс жасап, өзін қандай да болмасын ой қызметінен тынықтырып алған жөн. Жұмысты ұйымдастыруда ұқсас материалдар бірінен соң бірі қатар келмейтін ету керек. Егер бір кеште алгебра, тарих, әдебиет сабақтарын әзірлеу керек болса, онда мына тәртіп: 1) тарих, 2) алгебра. 3) әдебиет, мына тәртіптен: 1) тарих, 2) әдебиет, 3) алгебра, нәтижелі болу тұрғысынан қарағанда әлдеқайда пайдалы.