жануарлар ұлпасы деп – шығу тегі, құрылысы жəне қызметі жағынан ұқсас организмдегі клеткалар жүйесі мен тіршілікке қажетті клеткааралық заттар мен құрылымдарды айтамыз. Организмнің негізгі дене қызметіне сəйкес ұлпалардың эпителий, дəнекер, бұлшықет, нерв деп аталынатын төрт түрін ажыратады. Əрбір ұлпа түрінің дамуы (гистогенез) дифференциация нəтижесінде, яғни ұлпалардың белгілі бір түрлерінің дамуы үшін эмбриогенезде детерминделген, негізін қалаушы клеткаларда маманданудың қалыптасу белгілері пайда болады. Ересек организмдерде де регенерация процесі мен кей жағдайда ұлпалардың өсуінен гистогенез жиі жалғасуы мүмкін. Əрбір организм үшін арнаулы қызметті əдетте ұлпаның бір түрі немесе оның кейбір маманданған клеткалары атқарады. Бірақ кез–келген мүшеде ұлпалардың барлық түрі өзара бірлесіп қызмет етеді, мысалы, трофикамен қамтамасыз ету, қызмет ететін негізгі элементтерді үйлестіру, əсіресе нерв жəне бұлшықет ұлпаларының бірлесіп қызмет етуін қамтамасыз ету. Төменгі сатыдағы көпклеткалыларда ұлпалардың қызметі жоғары сатыдағыларға қарағанда қатаң детерминделмеген. Ұлпалардың бір түрінің құрылысы (мысалы, жоғары маманданған нерв ұлпасы) организмнің əрбір бөлігінде жəне əртүрлі құрылымдық деңгейде өзгеруі мүмкін. Организмдер эволюциясы клеткалардың мамндануына жəне көп ұлпалы жүйеде олардың қызмет етуі өзара келісіммен жүретініне əкелді. Бірігіп кешенді қызмет ететін ұлпа клеткалары мүшелерде көптеген құрылымдық–қызметтік бірліктер түзеді (мысалы, бауыр бөліктері, нефрон). Тəжірибеде клеткаларды моделдеу организмнен тыс ұлпалардың өмірін қамтамасыз етіп қана қоймай, ұлпаларды зерттеудің қазіргі қаманғы əдістерінің негізі болып табылады. Жануарлар ұлпаларын гистология зерттейді.