Ұлпа үйлесімділігі

lat: Ulpa úılesimdiligi

бір түрдің (донор) мүшелерінің немесе клеткаларының басқа түрдің (реципиент) ішкі ортасына сіңісіп, қызмет етуі. Реципиенттің иммундық жүйесіне донор клеткалары мен ұлпаларын, мүшелерін күшпен сəйкестендіру, сонымен қатар, реципиент ұлпасын донордың иммунокомпетентті клеткаларының бұзуы ұлпалық үйлесімсіздік болып табылады. Ұлпалық үйлесімділік донор мен реципиенттің антигенді клеткаларының құрамының ұқсастығының генетикалық сəйкестілігімен анықталынады. Бір жұмыртқалы егіздер мен бір жынысты түрлердің ұлпа үйлесімділігі генетикалық жағынан толық сəйкес келеді. Ұлпа үйлесімділігінің эмбрионалдық немесе ерте постнатальдық кезеңде туындаған химерлерде, не болмаса радиациядан немесе медикаментоздан кейін иммунитеттің басылуы кезінде алатын орны үлкен, себебі, бөгде антигенге арнайы иммунологиялық төзімділікті қалыптастырады. Осы айтылған жайттардан басқа еркін шағылысатын популяцияларда гистоүйлесімді кодоминантты гендер бойынша полиморфизм балансын қайталайтын ұлпалардың үйлесімсіздігі табиғатта өте сирек байқалынады. Бұл гендер барлық ядролы клеткалардың беткі бетінде орналасқан кейбір мембраналы гликопротеидтердің (гистоүйлесімді антигендер) құрылымын кодтайды. Адамдарда бұл кешен 6-шы хромосома аймағында орналасады жəне əрқайсысында 40 аллельді гендерге дейін болатын 6 сублокустардан (A, B, C, DR, DP, DQ) тұрады. Əрбір аллель гистоүйлесімді жеке антигендерді кодтайды. Трансплантациялық иммунитетке қатынасатын жəне I-ші класқа жататын A, B, C сублокустардың антигендері көбірек зерттелген. Олар көп мөлшерде лимфоциттердің мембранасында, аз мөлшерде нерв, бұлшықет, дəнекер ұлпаларында кездеседі. DR, DP, DQ сублокустердің антигендері II-ші класқа жатады, оларды макрофаг, В-лимфоцит, белсенді T-лимфоцит, тромбоцит, сперматозоид, эпителий клеткаларының мембраналарынан табуға болады. Олардың негізгі қызметі иммундық жауапты реттеу жəне жүзеге асыру кезінде бөгде дене құрылымдарын иммунологиялық тану механизмдеріне қатысу. Гистоүйлесімді антигендердің түрлерінің көмегімен трансплантация, тұқымқуалайтын зат алмасу дефектілеріне диагноз қою үшін үйлесімді ұлпаларды таңдайды.