Ұшу

lat: Ushý

Ұш етістігінің қимыл атауы.

1. Самғау, қалықтау.

Туғасын талмай ұшу қанатқа сын, Білем мен ол күндердің сан аптасын. Көнбеуге жалғыздыққа амалың жоқ, О бастан жалғыз қылып жаратқасын (Т.Айбергенов, Мен саған.).

Қайтадан тағы ұшуға қылды талап, Қарны ашса су мен май даяр тамақ. Қанатының астына тағы міндік, Қаһарланып көкке ұшты бір ән сап ап (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).

2. Әуеге ұшақ (зымыран т.б.) шығару.

Барселона аэропортында Болды бірде ғажап жағдай таңғалар, Кілең ұсақ, майда құстар шымшық, торғай, қарғалар Билеп алып аспанды Реактивті самолеттердің Ұшуына қиын кезең басталды (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Ұшқышқа аспан керек ұшу үшін, Зымырап жерге қайта түсу үшін. Диқанға дала керек, дала керек, Сезуге дәннің тулап бұлқынысын (С.Мәуленов, Алыс кет.).

НАСА-ның Ресей ғарыш агенттігімен және оңтүстік африкалық миллионер Марк Шаттлуарт пен арадағы келісімшарт талаптарымен келіскендеріне қарамастан, екінші ғарыш саясатшының ұшуы туралы келіссөздер кейінге қалдырылып отыр (“Егемен Қазақстан”).