Ұтыс

lat: Utys

з а т. 1. Сайысқа түсіп жеңіп шығу, жеңіске ие болу ісі.

Жаудың әлсірегенінде дау жоқ. Әдеті бойынша сонда да шабуылға шығу керек. Шықса біздің ұтыс, шықпаса жау ұтысы (Қ.Исабаев, Өрде.).

Әшімде ұтысқа да, ұтылысқа да әзір жанның бейнесі бар (Д.Әбілев, Арман.).

Ел тіршілігінің ұтыс, ұтылыстарында жұмыстары жоқ бес болыс Керей-Уақтың болыс-билері жерге орналасу мәселесін созбаққа салатын бір саңылау табылғанына мәз болып тарасты (Ғ.Мүсірепов, Ұлпан).

2. Ұтып алынған пайда, түсім, олжа.

Бір ойында бұндай ірі ұтысты көргені осы. Екі беті нарттай болып жинай бергенде, жар астынан Сәкен шыға келді (Ғ.Мұстафин, Көз көрген.).

Ойын аяқталғанда бұл әжептәуір ұтысқа шықты. Ғұмырында карта ойнап жүріп қарбытып ұтқаны осы (Қ.Жұмаділов, Саржайлау.).

Ұтыс тиражы жылына екі рет өткізіледі. 1000 счетқа жарты жыл ішінде счет бойынша ұтыс шыққан аманат қаржының орташа қалдығының 25%-ы мөлшерінде ұтыс шығады (Шаңырақ энц.).