ВИРТУАЛДЫ ШЫНДЫҚ

lat: VIRTÝALDY SHYNDYQ

Компьютерлік техниканың негізінде кеңістіктік-уақыттық континуумды адам тілектеріне сай өзгертіп, жаңа әлемді, шындықты қолдан жасалған құрылымды қалыптастыру нәтижесі. Виртуалды шындық сөздің тар мағынасында: “электронды көзәйнек” киіп алғаннан кейін пайда болатын ойындық немесе техникалық қажетті жасанды шындыққа жатады. Бұл жағдайда сана компьютер құрастырған мүмкін әлемге енеді, онда виртуалды түрде көріне, сезіне және әрекет ете алады. Сөздің кең мағынасында: виртуалды шындық бұл сананың кез келген өзгертілген түрлері: жүйкелік шатасу, наркотиктік немесе шараптық мас болу, гипноздық қалып, наркоз, ұзақ уақыт тар кеңістікте қалған адамдардағы психикалық өзгерістер (түрмедегілер, су асты кемелеріндегі, т.б.). Виртуалды шындық ұғымында парадокс бар: қарапайым сана оны “қиял, иллюзорлы, ойдан шығарылған” деп есептейді. Бұл парадокс шындықты бағалаудан да туындайды. Өйткені XX ғасыр философиясында реалдықты мойындауға қатысты материалистер мен идеалистер бөлінуі бұрмаланып жіберілді. Материя мен сана оппозициясы тіл шындық қарсы қоюымен ауыстырылды. “Қайсысы бұрын болды?” деген сұрақтың орнына тіл мен шындықтың прагматикалық маңызын айқындау алдыңғы қатарға шықты. “Шындық” сөзінің өзі тілдік формаға жатады. Сол себепті жасанды иллюзорлы шындық виртуалды деп аталады, ол басқашындықтардан” шынайы болып табылады. Бақытты және бақытсыз адамдардың шындығы әртүрлі.