Варианттылық

lat: Varıanttylyq

(лат. varians өзгеретін) тілдің әртүрлі жағдайда қолданылуына және әлеуметтік, территориялық ерекшелігіне байланысты анықталатын түрлері мен өзгерістері. Варианттылық тілдің, тіл бірліктерінің коммуникативтік қызметіне қатысты күрделі және жан-жақты қасиеттерінің бірі. Оның мәні «вариант», «инвариант» ұғымдары арқылы ашылады. Әрбір лексикалық бірлік өзінің мағыналық бірлігін сақтай отырып, көптеген варианттар түрінде көрінеді. Кең көлемде тілдің территориялық, әлеуметтік, стилистикалық, функционалдық, ұлттық т.б. формаларда өмір сүруі де варианттылықтың көрінісі болып табылады. Варианттылық алғашында фонология саласында қарастырылған. Бір фонеманың әртүрлі дыбысталуы вариант, ал фонеманың өзі негізгі мәні өзгермейтін инвариант деп түсіндірілген. Тіл бірліктерінің варианттары мен инварианттары тіл жүйесінің әртүрлі деңгейін тудырмайды. Бір тіл деңгейінің көлемінде варианттық және иварианттық бірліктер мол кездеседі. Фонема және фон, морфема және морф әрқайсысы өз деңгейіне тән бола отырып, соған сай топтарды білдіреді. Н.Уәли варианттардың төмендегідей түрлері мен типтерін беріп, оларды саралаудың жолдарын көрсетеді: 1. Дыбыстық ықпалдасудың барысында пайда болған варианттар. (бұны/мұны, бағана/мана, сүйінші/шүйінші т.б.); 2. Ықшамдалу үрдісімен байланысты варианттар (әлгінде-әлгіде, кейіннен-кейін, мынандай-мынадай); 3. Универбтену үрдісімен байланысты варианттар. Қазіргі қазақ тілінде көп, әсіре, бір тәрізді лексемалар бірде бөлек, бірде бірге таңбаланады: көп балалы-көпбалалы (отбасы), бір жақты-біржақты (шешім); жек көру-жеккөру (жеккөрушілік), орыс тілді-орыстілді; қазақ тілді-қазақтілді, көп үнділік-көпүнділік т.б. бұлар біріккен нұсқалы басым сыңар деп аталады; 4. Қате қолданылатын дағдыға айналған варианттар: құсбегі-құсбегіші, аттестаттау-аттестациялау, бітімгер-бітімгерші. Варианттылық құбылысын динамикалық қасиетімен, семантикалық, функционалдық тұрғыдан саралану үрдісімен байланысты екі типке бөліп қарастырады: 1. Семантикалық жақтан саралану фазасындағы варианттар: Тамақ/тағам тамақ (тамақ ішті), тағам (тағам әзірледі); арнаулы/арнайы арнаулы (арнаулы оқу орыны), арнайы (арнайы келді); 2. Функционалдық жақтан саралану фазасындағы варианттар: Болып/боп болып (бейтарап) боп (сөйлеу тілі), тең жарымы/тең жартысы тең жартысы (бейтарап), тең жарымы (сөйл.), келді білем/келген болу керек келді (бейтарап). Тілдік бірлік варианттарының тағы бір типіне сөздердің тұлғалық ерекшеліктері жатады: алғашында-алғашқыда, жаңғыз- жалғыз, түгендеу-түгелдеу т.б. жарыспалы сөздер жатады. Бұлардың жетекші сыңарын айқындап, біріне басымдылық беруде олардың тұлғалық типтестігі сияқты ерекшеліктеріне назар аудару қажет.