Выборг үндеуі

lat: Vyborg úndeýi

Бірінші мемлекеттік Думаның таратылуын заңсыз деп таныған депутаттардың 1906 ж. 9-10 шілдеде Выборг қаласына (бұр. Ресей империясы, Финляндия жері) жиналып, халыққа жолдаған үндеуі. Думаны тарату туралы патша жарлығына қарсы халықты салық төлеуден, әскери міндеткерлікті өтеуден бас тартып, наразылық білдіруге шақырған бұл үндеуге қол қойған 200-ге жуық депутаттың басым көпшілігін кадеттер партиясының өкілдері (120 адам) құрады. Олардың арасында Ә.Бөкейхан мен С.Жантөрин де болды. 1907 ж. желтоқсанда үндеуге қол қоюшылар сотқа тартылып, олардың ішінде 167 адам 3 ай мерзімге абақтыға жабылып, ендігі жерде Думаға мүше болу құқынан айырылды.